
Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров Қазақстанда қайта өңделген өнімдердің экспорты бойынша оң динамика байқалатынын мәлімдеді.
Үкімет отырысында баяндама жасаған министр биыл 9 айда экспорт көлемі 2,5 млрд АҚШ долларын құрап, өткен жылдан 32,4%-ға артқанын мәлімдеді.
«Өсімнің едәуір бөлігін ұн және май өндірісі салалары қамтамасыз етіп отыр. Аталған кезеңде ұн өндірісі 2,8 млн тоннаға жетіп, өткен жылдан 7%-ға ұлғайды, өсімдік майы – 21,7%-ға өсіп, 726 мың тонны құрады, сүт өндірісі – 4,7%-ға өсіп, 550 мың тоннаға жетті, жарма 10%-ға, шұжық өнімдері 7,8%-ға өсті», – дейді ол.
Сапаров саланы ынталандыру шаралары қабылданып жатқанын, қайта өңдеу саласы Солтүстік Қазақстан облысының тәжірибесі бойынша жылдық 2,5 пайызбен несиелендірілетін бағыттар тізбесіне енгізілгенін атап өтті. 2024 жылдан бастап айналым қаражатын толықтыруға 5 пайыздық жеңілдетілген несие беріліп, 12 кәсіпорын 35 млрд теңгеге қаржыландырылған.