Құрылыс саласындағы алаяқ компаниялар әшкереленеді – министр

Kursiv.Media тілшісі Өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаевтан кейінгі кезде жиілеген үлескерлер дауы мен сенімсіз құрылыс компанияларын бақылауға қатысты сұрақ қойды. Министр сенімсіз мердігерлер тізімі жарияланатынын мәлімдеді.
«Жақында Астанадағы «Qyran» тұрғын үй кешенінің ісі бойынша 7,9 млрдқа жуық қаржы ұрланғаны мәлім болды. Бұл жалғыз Астанаға тән емес. Өңірлерде де алданған салымшылар мыңдап саналады. Құрылыс компанияларының сату офисіне бақылауды күшейту жоспарланып отыр ма? Сенімсіз құрылыс компанияларының тізімі неге жарияланбайды?» деген сауал қойылды.
Сұраққа Құрылыс комитетінің төраға орынбасары жауап берді. Оның айтуынша, қазір ел бойынша 44 проблемалық нысан бар, биыл олардың үшеуі аяқталуға жақын. 2026 жылдың соңына дейін барлық нысанды толық бітіру жоспарланып отыр. Сол арқылы 4 мыңнан астам үлескер өз пәтеріне қол жеткізуі тиіс.
Оның сөзінше, үлескерлер санын көбейтпеу үшін заңнамаға бірқатар өзгеріс енгізіліп жатыр. Атап айтқанда, жарнамаға қойылатын талаптар қатайтылған, түрлі келісімшарттар арқылы үлескерлердің қаражатын тартуға тосқауылдар қойылған, заңсыз әрекеттерге айыппұл қарастырылған.
Ал бұл мәселе бойынша тікелей түсінік берген министр Ерсайын Нағаспаев сенімсіз компаниялардың тізімі міндетті түрде жарияланатынын айтты.
«Сенімсіз мердігерлер тізімі міндетті түрде болады. Жаңа құрылыс кодексіне осы түзетуді енгіздік. Бұл тізімді әкімдіктер жасайды», – деді министр.
Еске сала кетейік, бұған дейін Астанада «Qyran» тұрғын үй кешенінде пәтер сату кезінде миллиардтаған теңге жымқырды деген күдікпен құрылыс компаниясының қызметкерлеріне тергеу жүргізіп жатқанын жазған едік. Бұл жайлы Қаржылық мониторинг агенттігі хабарлады.