Ресей азаматтары Ақтөбенің орнына Ақтауға қонған ұшақтан түсуден бас тартты

Ресей азаматтары ауа райына байланысты Ақтөбенің орнына Ақтауға қонған ұшақтан түсуден бас тартты. Ұшақ Ыстанбұлдан Ақтауға ұшып келе жатқан, деп хабарлады Ақтау әуежайы.
Baza арнасының жазуынша, Ыстанбұл-Ақтөбе рейсін Түркияның Pegasus авиакомпаниясы алдымен сегіз сағатқа кешіктіріп, ұшқаннан кейін межелі Ақтөбеге емес, Ақтауға қонған.
«Рейс экипажы жолаушыларға ұшу аяқталғанын және ұшақтан кететін уақыт келгенін айтқан. Бортта Ресей мен Қазақстан азаматтары болған. Бірақ стюардессалар мен ұшқыш табанды түрде ұшақтан шығуларын сұраған. Нәтижесінде қазақстандықтар ұшақтан шығып, Ақтөбеге өздері аттанған. Ал 40 шақты ресейлік азамат, олардың ішінде бес бала салоннан кетпей қойған», – деп жазады Baza.
Ақтау халықаралық әуежайының ақпаратына сүйенсек, ұшақ ауа райына байланысты Ақтөбеге қона алмағандықтан, кері бұрылып, Ақтауға қонған. Әуе компаниясының өкілдері жолаушыларға қонақүйге қону немесе Ақтөбеге тасымалдау туралы ұсыныс жасаған. 16 жолаушы ұсыныстан бас тартып, бортта қалған.
Авиакомпания өкілдігі ұшуы 3 желтоқсанға жоспарланған Ақтау-Ақтөбе рейсіне билет ресімдемек. Әуежай тіркеу аяқталғаннан кейін, жолаушылар ұшақтан шығады деген үмітте.