Жаңалықтар

Миллионер Итемгеновтің даулы фирмасы 10 млрд теңгеге ең үлкен жылыжай салады

Қайрат Итемгенов миллионер Форбес кәсіпкер
Кәсіпкер Итемгеновтің Екібастұзда тіркелген дәл осы компаниясы үш жыл бұрын дауға қалған / коллаж: Kursiv.Media, бильд-редактор: Дастан Шанай

Миллионер Қайрат Итемгеновтің кезінде криптовалюта жанжалына ұшыраған Greenhouse-Qaztomat компаниясы Павлодар облысында қызанақ пен қияр өсіретін ең үлкен жылыжай салады. Жоба құны – 10,7 млрд теңге. Бұл туралы Kursiv.Media облыс әкімдігінің мәліметіне сүйене отырып хабарлады.

Орталық Азиядағы ең үлкен жылыжай

2025 жылғы желтоқсанның басында Greenhouse-Qaztomat компаниясы мен облыс әкімдігі ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойған.

«Құжат көкөніс өнімдеріне бағаның негізсіз өсуіне жол бермеу және қыс мезгілінде үздіксіз жеткізілуін қамтамасыз етуге бағытталған», – деп сипаттады өңір әкімдігі.

Компания облыста жылыжай кешенін 10,4 гектарға ұлғайту бойынша ірі инвестициялық жобаны жүзеге асырады. Оған 10,7 млрд теңге жұмсалады.

Құрылыс аяқталғаннан кейін, кәсіпорын Орталық Азиядағы ең ірі жылыжайға ие болады. Жоба жыл сайын қосымша 15,8 мың тонна көкөніс өндіріп, 114 жаңа жұмыс орнын ашады. Жылыжай 2026 жылы іске қосылады деп жоспарланып отыр.

Солтүстікте қызанақ пен қияр қымбат

Қазір облыста жылына 14 мың тоннадан астам көкөніс өндіретін үш ірі жылыжай кешені жұмыс істейді. Кейінгі бес жылда жылыжай шаруашылықтарын дамытуға 312,2 млн теңге бөлінді.

«Біздің міндетіміз — қыс мезгілінде әлеуметтік маңызы бар көкөністердің және жоғары сұранысқа ие көкөністер бағасының қымбаттауына жол бермеу және нарықты тұрақты түрде сапалы өніммен қамтамасыз ету», — дейді облыс әкімі Асайын Байханов.

Меморандумға отырған шаруашылықтар кемі 140 т қияр мен 100 т қызанақты бекітілген көтерме бағамен (1 кг қияр – 850, 1 кг қызанақ – 800 теңге) жеткізеді. Әлеуметтік дүкендерде қияр 980, ал қызанақ 925 теңгеден сатылады. Көкөніс 5 желтоқсанда Павлодар, Екібастұз және Ақсу қалаларына жеткізіле бастайды.

Атышулы компания және Итемгенов

eGOV мәліметінше, 2013 жылы Екібастұзда тіркелген Greenhouse-Qaztomat компаниясының жалғыз құрылтайшысы – Green Page ltd. Ал оның жалғыз акционері – Ast Investments Management FZCO. Компания Астана халықаралық қаржы орталығына тіркелген.

Журналист Дмитрий Шишкиннің Shishkin_like телеграм-арнасы бұған дейін Green Page құрылтайшысы ретінде Қайрат Итемгенов көрсетілгенін, бірақ үш жыл бұрынғы жанжалдан соң кәсіпкер есімі өшірілгенін жазды.

Телеграм-арна дерегінше, 2022 жылы Итемгенов криптовалюта жанжалына тап болды. Сол жылы Қаржылық мониторинг агенттігі Greenhouse-Qaztomat заңсыз майнингпен айналысты деген ақпарат таратты. Құзырлы мекеме дерегінше, Екібастұз ГРЭС-1 аумағында орналасқан шаруашылық қызанақ өсіріп қана қоймай, арзан электр қуатын майнинг өндіруге де жұмсаған.

Алайда, Шишкиннің айтуынша, кейін Итемгенов есімі ҚМА баспасөз релиздерінен өшіріліп, майнинг дата-орталыққа электр қуатын сатқан жылыжай шаруашылығының басшылары Қазақстан тәуелсіздігінің 30 жылдығы құрметіне рақымшылық алып, қылмыстық жауаптан босатылған.

Forbes Kazakhstan 2025 жылғы мамырда Қайрат Итемгеновтің дәулетін 404 млн долларға бағалап, дәулеттілер тізімінде 24-орынға қойған.