«Қолдауға әзірміз»: әкім Сұлтанғазиев түрік инвесторларына жағымпазданды

Жарияланды
Business News бөлімінің тілшісі
фото: Алматы облысы әкімдігінің баспасөз қызметі

«Жер телімдерін таңдаудан бастап рұқсат құжаттарын алуға дейін — барлық кезеңде сіздердің бастамаларыңызды қолдауға әзірміз». Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев түрік инвесторлары алдында осылай деп құрақ ұшты. Түріктермен кездесуде «ондаған миллиард теңгенің» жобалары сөз болды.

Қонаевтағы кездесу

2 желтоқсанда өңір орталығы Қонаев қаласына Түркиядан делегация келді. Арасында NATA Holding түрік компаниясының бас директоры және қаржылық, техникалық, келісімшарт бағыттарының үйлестірушілері бар. Олар Алматы облысымен ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды.

Өңір әкімдігі таратқан мәліметке қарағанда, түріктермен кездесуге облыс басшысы ғана емес, Қонаев пен Алатау қалаларының әкімдері де қатысты.

«NATA Holding өзінің кең портфолиосымен, инженерлік тәжірибесімен және халықаралық беделімен біз үшін маңызды әрі сенімді серіктес. Жолдар, көпірлер, инфрақұрылымдық нысандар салу және ірі девелоперлік жобаларды жүзеге асыру бойынша жинақтаған тәжірибелеріңіз бірлескен жұмыстың кең мүмкіндіктерін ашады. Жер телімдерін таңдаудан бастап рұқсат құжаттарын алуға дейін — барлық кезеңде сіздердің бастамаларыңызды қолдауға әзірміз”, – деді Сұлтанғазиев.

NATA Holding өкілдері де қолдауға дән риза болып, «өңірдегі бизнеске жасалған қолайлы жағдай үшін алғыс білдірді». Холдинг директорлар кеңесінің төрағасы Намык Танык қабылданған меморандум «жұмыстың бағыттарын нақтылап», бірлескен жобаларды жан-жақты талқылауға жол ашатынына сенімді.

Түрік компаниясы туралы

Әкімдік мәліметінше, NATA Holding – әлемдегі ірі 100 құрылыс компаниясының қатарына кіретін халықаралық холдинг. Компания ауқымды инфрақұрылымдық жобаларымен танымал. Ол Түркіменстанда 500 күнде 180 көпір салып, Гиннестің рекордтар кітабына енген.

Делегация Қонаевтағы «Жаңа Іле» кешенді даму аймағында болды. Мұнда ауқымды тұрғын үй құрылысы жоспарланған. Құрылыс-монтаж жұмыстарының құны ондаған миллиард теңгеге бағаланатыны айтылды.

Түркиядан келген қонақтар Талғар ауданындағы «Байсерке Агро» компаниясының «Наукоград» жобасымен танысты. Бұл жоба шамамен 1 трлн теңге көлемінде инвестиция тартуды көздейді.

Қазақстан жәні түрік инвесторлары

Кейінгі жылдары Қазақстанға түрік инвесторлары көптеп кіріп жатыр. Жақында ғана түріктер 8 млрд теңгеге Семейде қоқыс полигонын салып жатқаны айтылды. Бұған дейін  Miryildiz Mining түрік компаниясы Абай облысында алтын мен мыс өндіріп қана қоймай, мектеп салғысы келетіні мәлім болды.

Бұл уақытта AKSA ENERGY түрік компаниясы Қызылорда қаласында бу-газ электр станциясы құрылысын аяқтап қалды.

Ал Safi Holding түрік компаниясы Қазақстанда қант зауытын салады. Биыл жазда Теңізден газ құбырын тарту тендеріне Esta Construction түрік компания да қатысатыны мәлім болған.

Сондай-ақ оқыңыз