Түркістанда киіз үйлер қонақүйін салып, көшеге жүзім отырғызылады

Жарияланды
Business News бөлімінің тілшісі
Түркістан кийіз үйден тұратын қонақүй
фото: Түркістан облысының баспасөз қызметі

Түркістан қаласында бірнеше киіз үйден тұратын қонақүй салынады. Сонымен бірге шаһар көшелеріне жабайы жүзім отырғызылады. Бұл туралы Kursiv.Media өңір әкімдігінің мәліметіне сүйене отырып хабарлады.

Жергілікті әкімдіктің баспасөз қызметі жариялаған суретте қазақы қонақүй Шәуілдір тас жолы бойында салынатын туристік кешен деп сипатталған. Құрылыс макетінен қаз-қатар орналасқан 11 ақ түсті киіз үйді көруге болады.

Кешен облыста жүзеге асырылатын сәулет жобаларын талқылайтын кеңесте көрсетілді. Жиналысты Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров өткізді.

Әкімдік мәліметінше, жиында Арыс, Кентау қалаларындағы сәулеттік жобалар және Түркістан қаласында жүзеге асыру көзделіп отырған бастамалар талқыланған. Өңір басшысы жобаларды жүзеге асыру барысында заманауи әрі соңғы үлгідегі тәсілдер мен идеяларды қолдану қажет екенін айтқан.

«Аудандардың кіреберістерін сәндеуде заманауи сәулет үлгілерін ұсыныңыздар. Сәулет-құрылыс саласына жаңашылдық, белсенділік қажет. Жалпы өңірдің дизайн коды Түркістан қаласымен үндес әрі біркелкі болуы керек деп ойлаймын. Өңірдегі туристік нысандар орналасқан аудан, қалалардың кіреберіс тұстарын, шекарадағы кеден бекеттерінің айналасын реттеу қажет», – деді Көшеров.

Сәулет кеңесінің отырысында Түркістан қаласында медициналық орталық, қазақы үлгідегі қонақүй, шағын сәулеттік формалар, билер аллеясын салу және және өзге де жобалар талқыланған.

Бұған қоса, қалада ауқымды іс-шаралар өткізетін заманауи Рәміздер алаңын салу, көше бойларына жабайы жүзім өсіріп, жазғы аптапта көлеңке мен саяны көбейту мәселесі де сөз болды. Кентаудағы базар маңын реттеу, Арыс қаласына веложол мен кәсіпкер есебінен жаңа саябақ салу мәселесі де қаралып, тиісті ұсыныстар берілді.

Сондай-ақ оқыңыз