
Ұлыбритания полициясы заңсыз еңбек мигранттарын елдегі порттарда шешіндіріп, олардың ауыз қуысын да тексере алады. Бұл туралы Kursiv.Media Reuters мәліметіне сүйене отырып хабарлады.
Полицияға қосымша құзырет берілетіні дүйсенбі, 1 желтоқсанда мәлім болды. Ұлыбритания ішкі істер министрлігі мұндай шараны ұлттық қауіпсіздікпен байланыстырды. Мигранттар барлау мәліметтерін смартфонмен, чиптермен сыртқа шығаруы мүмкін. Сол себепті полиция олардың киімін, сонымен бірге ауыз қуысын тексереді.
Биыл Ла-Манш арқылы заңсыз мигрант өткізу күшейген. Қылмыстық топтар азаматтарды арбау үшін әлеуметтік желілерді жиі қолданады.
Енді мигранттар көшін тоқтату мақсатында лейбористер үкіметі көші-қон саясатын нығайтып жатыр. Бұған дейін мобильді телефон іздеу мигрантты ұстау туралы шешім шыққаннан кейін ғана жүзеге асырылатын.
Қазақстан азаматтары Ұлыбританияға құлпынай теруге жиі барады. Мәселен, хит болған әндердің авторы Англиядағы бір фермада жұмыс істеп жүр. Бұған дейін Kursiv.Media құлпынай теруге барып, елге ақша аударғандар қаражаты рекордтық көрсеткішке жеткенін жазған.