
2025 жылғы күзде құзырлы орган талабымен жұмысын уақытша тоқтатқан Робокэш.кз микроқаржы ұйымы (Займер) несие беруді қайта бастағанын мәлімдеді. Бұл туралы Kursiv.Media Қазақстан қаржы орталығы (KASE) мәліметіне сүйене отырып хабарлады.
Бұған дейін Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі (ҚНДРА) қаржы ұйымының жұмысынан кінәрат тауып, олқылықты реттеуді талап еткен. Енді, екі ай уақыт өткенде, ұйым құзырлы мекеменің ескертулерін орындағанын мәлімдеп отыр.
«Қадағалаушы органның барлық талаптары орындалып жатыр. Сонымен бірге микрокредит беру толық жүзеге асырыла бастады», – деп хабарлады «Робокэш».
Бұған қоса, компания «клиенттермен жұмыс істеудің жаңа стандарттары енгізілгенін» атап өтті.
«Біз осы кезеңді дағдарыс емес, бұдан да күшті болудың жолы деп қарастырамыз», – дейді фирманың бас директоры Әсет Қасенбаев.
Компанияның жаңарған стратегиясы өзін жұмыспен қамтыған азаматтарға, жеке кәсіпкерлерге, шағын және орта бизнес өкілдеріне қаржылай қолдау көрсетуге бағытталған.
«Робокэш» микроқаржы ұйымының жалғыз акционері – ROBOCASH.PTE LTD компаниясы. Түпкі иесі – Түркия азаматы Сергей Седов пен Франция азаматы Валин Пол Жак Тиерри. Седов 2022 жылға дейін Ресей азаматтығын иеленген.
Кезінде Қазақстанның 2 млн азаматының жеке дерегін таратты деп айыпталған компания биыл 1,1 млрд теңге дивиденд төлеген.