Жаңалықтар

Тоқаев компаниялары шығынға батқан «Самұрық-Қазына» басшысын қабылдады

фото: Ақордадан

Тоқаев Ақордада «Самұрық-Қазына» акционерлік қоғамының басқарма төрағасы Нұрлан Жақыповты қабылдады.

Жақыпов қордың жұмысы туралы есеп берді. Қазір холдингтің инвест портфелінде көлемі 53 трлн теңге болатын 130-ға жуық жоба бар. Биыл CASPI BITUM зауытының қуатын арттыру, 50 МВт-тық күн электр стансасы және Кендірлі елдімекенінде су тұшытатын зауыт салу жобалары жүзеге асырылды.

Ал жыл соңына дейін 1,1 трлн теңгеге 9 ірі жобаны аяқтап, пайдалануға беру жоспарланып отыр.

2023-2025 жылдар аралығында қор әлеуметтік жобаларды қолдауға және қайырымдылыққа 1,5 трлн теңге бөлген. Бұл қаржы медициналық нысандарға, 55 оңалту орталығының, 31 инклюзия кабинетінің, 18 спорт кешенінің, мәдени және білім беру мекемелерінің құрылысына жұмсалды.

«Таза Қазақстан» бастамасы аясында 5,8 млн түп тал егілді.

Өз кезегінде Тоқаев қор жұмысының тиімділігін арттыру, инвестициялық жобаларды сапалы іске асыру, ұлттық активтердің орнықты дамуын қамтамасыз ету бойынша тапсырма берді.

29 қарашада Жоғары аудиторлық палата «Самұрық Қазына» қорына және оның еншілес компанияларына жүргізілген аудит нәтижесін жариялады. Аудиторлардың мәліметінше, қор тобында 23 белсенді емес компания болған. 2024 жылдың қорытындысы бойынша 41 компания шығынмен аяқтаған. Жалпы 351,8 млн теңге көлемінде қаржылай заң бұзушылық анықталды.