Түркістанда Орталық Азиядағы ең ірі мақта кластері құрылмақ

Үкімет Ауыл шаруашылығы министрлігі мен «Түркістан мақта агроөнеркәсіптік кешені» ЖШС арасында Түркістан облысында шитті мақтаны өсіру және терең өңдеу бойынша инвестициялық келісімді мақұлдады. Тиісті қаулыға Премьер-министр Олжас Бектенов қол қойды.
Отырар мен Арыс аумағында 60 мың гектар суармалы жер игеріліп, Орталық Азиядағы ең ірі мақта кешендерінің бірі салынбақ. 1 400-ден астам тұрақты, 300-ден астам маусымдық жұмыс орны ашылады. Жобаның мақсаты – егістіктен дайын киімге дейінгі толық мақта кластерін қалыптастыру.
Инвестор – қытайлық Xinjiang Lihua (Group) Co., Ltd. Бірінші кезеңге 58 млрд теңге қарастырылған, жалпы инвестиция көлемі 200 млрд теңгеден асады. Бұл келісім Бектенов пен компания басшысы Чжан Цихай жүргізген келіссөздер нәтижесінде бекітілген.

Сонымен қатар кешен аумағында полиэтиленді қайта өңдеп, тамшылатып суару құралдары мен құбырлар шығаратын өндіріс іске қосылады. Бұл импортқа тәуелділікті азайтады және толық өндірістік цикл құруға жол ашады.
Қазір еліміз жылына 70-75 мың тонна мақта талшығын өндіреді, оның 85%-ы экспортталады. Жоба іске асса, талшықты ел ішінде терең өңдеу көлемі артып, жоғары қосылған құны бар тоқыма өнімдері көбейеді. Бұл саладағы шағын және орта бизнеске де серпін береді.
2025 жылы Түркістан облысында 428 мың тонна шитті мақта жиналды, бұл соңғы 18 жылдағы ең жоғары көрсеткіш.
Жалпы өңір 2025-2028 жылдар аралығында 111 жобаны жүзеге асыруды көздеп отыр. Жоспар іске асса, өңірде шамамен 24 мың жаңа жұмыс орны ашылады.