
WBO және IBF әлем чемпионы, қазақстандық боксшы Жәнібек Әлімханұлы допинг-тесттен оң нәтиже шығарып, яғни допинг қолданды деген күдікке ілінді, деп хабарлайды The Ring.
«Жәнібек Әлімханұлында VADA сынағынан кейін тыйым салынған препаратты қолданғаны белгілі болды», – деп жазды The Ring.
Айыптаудан кейін Әлімханұлы X желісінде жазба қалдырып, өзінің таза спортпен айналысатынын атап өтті.
«Жаңалықтарды оқығанда таң қалдым. VADA бірінші сынақты өткізіп, бәрі таза екенін айтты. Витаминдерді қабылдау режиміне ешқандай өзгеріс енгізген жоқпын. Екінші тестте не болғанын білмеймін, сондықтан оны қайта тексеруді талап еттім», — деп жазды ол.
Осы даудың әсерінен Әлімханұлының алдағы жекпе-жегі өтпейтін болды. Ол WBA титулына ие кубалық Эрисланди Ларамен кездесуі керек еді. Жекпе-жек 7 желтоқсанда АҚШ-тың Техас штатындағы Сан-Антонио қаласындағы Frost Bank Center аренасында өтуі керек болған. Кездесуде Лараның бір, Әлімханұлының екі титулы тігілген еді.
42 жастағы Эрисланди Лара соңғы рет өткен жылы рингке шығып, Дэнни Гарсияны мерзімінен бұрын жеңген еді. Ал Жәнібек Әлімханұлы соңғы төрт кездесуін нокаутпен аяқтап, өзінің салмақтағы қарқынын айқын көрсетіп келеді.