
Елде тұрғын үй нарығына сұраныс күрт өскені байқалады. Бұл жағдайға құрылыс компанияларының әсері болуы мүмкін. Өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нығаспаев осылай деп мәлімдеді.
Үкімет кулуарында журналистер сарапшылардың баға өсімі туралы болжамын айтып, жыл соңына дейін баспана алған дұрыс па деп сұрады. Ерсайын Нығаспаевтың айтуынша, министрлік жекеменшік құрылыс компанияларына ықпал ете алмайды және нарықтағы сұраныс пен ұсыныс негізінде қалыптасатын бағаны реттемейді.
«Бағаны болжау – менің тарапымнан орынсыз болар еді. Қазіргі нарықтағы көріп отырғаным, белгілі бір деңгейдегі дүрлігу. Мұны, мүмкін, құрылыс компаниялары әдейі жасап отыр. Олар пәтерлерін тезірек сату үшін нарықта дүрлікпе сұраныс қалыптастыруы ықтимал. Соның салдарынан халық арасында жылдам баспана алып қалу керек деген түсінік пайда болды. Жалпы, бағаға ең алдымен осындай дүрлікпе сұраныс әсер етеді. Менің ойымша, нарық дәл қазір сол сұраныстың есебінен қызған», – деді Нағаспаев.
Билік үй бағасының қымбаттауына жол бермейді…
Министр кейбір сарапшылар болжағандай, баспана бағасының 30%-ға және одан да көп өсуіне негіз жоқ екенін мәлімдеді. Оның айтуынша, билік әлеуметтік тұрғын үйдің бағасын бақылауда ұстайды және оның қымбаттауына жол бермейді.
Айта кетейік, кезінде «Банк ЦентрКредитті» басқарған экономист Ғалым Құсайынов 2026 жылдан бастап жаңа тұрғын үй бағасы күрт көтеріледі деп есептейді. Құсайыновтың есептеуінше, қазір бірінші нарықта 1 шаршы метр бағасы 500 мың, ал өзіндік құны 400 мың болса, құрылыс компаниясына шамамен 80 мың теңге қалады.