Жаңалықтар

Дәрі-дәрмек бағасы 50%-дан 300%-ға арзандады – министр

Дәрі-дәрмек сатып алу барысында 66 түрлі препараттың бағасы төмендетілді / Фото: kursiv.media архиві

Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова дәрі-дәрмек бағасы 50%-дан 300%-ға дейін төмендегенін мәлімдеді.

Әлназарованың айтуынша, дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету реформасы шеңберінде министрлік баға белгілеудің жаңа жүйесін енгізді.

«Өндірушінің бағасын тіркеудің бірыңғай тәсілі, маркетингтік және көлік үстемелерін алып тастау, генериктерге бағаны 30%-ға төмендету, сондай-ақ халықаралық рефераттау объективті шекті бағаларды қалыптастыруға және негізсіз қымбаттауды болдырмауға мүмкіндік береді. Нәтижесінде 2026 жылғы сатып алуларда 2025 жылмен салыстырғанда көптеген препараттардың бағасы 50%-дан 300%-ға дейін төмендеді, ал жалпы үнемдеу 36 млрд теңгеден асты», –  деді ДСМ басшысы Үкімет отырысында.

Қандай дәрі препараттары арзандады

  • Иматиниб – 9 450 теңгеден 2 348 теңгеге дейін
  • Бевацизумаб- 360 000 теңгеден 77 000 теңгеге дейін

Дәрі-дәрмек сатып алу барысында 66 түрлі препараттың бағасы төмендетілді, оның ішінде қымбат онкологиялық ауруға қолданылатын дәрілер де бар. Бұл өзгерістерге елдегі ірі фармацевтикалық компаниялар – «Нобель АФФ», «Абди Ибрагим Глобал Фарм», «Химфарм», «Kelun-Kazpharm» және басқалар қолдау білдірді. Олар дәрі-дәрмектердің бағасын жаңа талаптарға сай бейімдеп, жеткізілетін өнім түрлерін арттырды. Осылайша үнемделген қаражат ауыр диагнозы бар, күрделі және қымбат емдеуді қажет ететін науқастарды дәрімен қамтуға бағытталады.

Айта кетейік, биыл 1 шілдеден бастап Қазақстанда дәрі-дәрмектерді таңбалау жүйесі енгізілді, соның арқасында тұтынушылар үшін препараттардың бағасы ашық болды. Алайда жаңа ережелер күшіне енгенге дейін әкелінген дәрі-дәрмектердің қалғаны ескі бағамен сатылуда.