Патрульдік полиция енді жүргізушінің жеке деректерін тексере алмайды

Бас прокуратураның Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитеті Әкімшілік құқық бұзушылықтар бірыңғай тізілімі арқылы азаматтарды тексеру мүмкіндігін бұғаттады. Бұл туралы kursiv.media Kolesa.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды.
Енді полиция планшеті арқылы ЖСН енгізілген кезде, мәліметтер автоматты түрде базаға сақталады және кейін оны өшіру немесе қайтадан жою мүмкін болмайды.
Сәйкесінше, патрульдік полиция қызметкері азаматқа қатысты әкімшілік хаттама ғана толтыра алады.
Бұл өзгерістер жүргізушілер тарапынан шағым көбейгеннен кейін енгізілді. Олар полицейлердің ӘҚБТ арқылы жұмыс орны, үй мекенжайы мен телефон нөміріне дейінгі жеке деректерін біліп отырғанына наразы болған. 1 желтоқсаннан бастап патрульдік полиция қызметкерлері Әкімшілік құқық бұзушылықтар тізіліміне тек нақты жол ережесін бұзу анықталған жағдайда ғана жүгініп, хаттама рәсімдеп, шара қолдана алады. Бұдан басқа әрекеттерге тыйым салынады.
Мұның алдында 1 желтоқсаннан 28 ақпанға дейін жазғы дөңгелекпен көлік жүргізуге тыйым салынатыны жайлы жазған едік. Бұл – «Дөңгелекті көлік құралдарының қауіпсіздігі туралы» Кеден одағының техникалық регламентінде (ТР ТС) көрсетілген.