Айтбек Амангелді қарындасы Салтанат Нүкенова жайлы кітап жазды

Қазақстанда «Ол Салтанат еді. Бір қыздың өлімі үлкен елдің заңнамасын қалай өзгертті» деген атпен Салтанат Нүкеноваға арналған кітап жарыққа шықты. Кітап авторы Нүкенованың ағасы – Айтбек Амангелді.
Салтанат Нүкенова бұрынғы ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаевтың қолынан қаза тапқан. Айтбек Амангелдінің айтуынша, қарындасы қайтыс болғаннан кейін, қыздың отбасы мен қоғам белсенділері әділ сотқа қол жеткізіп, заңнаманы реформалау туралы бастама көтерді. Кейінірек қоғамдағы өзгерістер «Салтанат заңы» деп аталды.
«Біздің басымыздан өткен оқиға адамдарға отбасы құндылығын және жүйеге қарсы шығудан қорықпай, әділеттілікке қол жеткізуге болатынын еске салады деп үміттенемін», – деп жазды Айтбек Амангелді.
Кітапта Салтанаттың жұбайымен қарым-қатынасын, тұрмыстық зорлық-зомбылық пен психологиялық қысымның механизмдері және отбасының әділеттілікке жету жолы егжей-тегжейлі сипатталады.
Салтанат Нүкенованың ісіне байланысты 2024 жылдың 13 мамырында бұрынғы ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаев пен оның туысы Бақытжан Байжановқа қатысты сот үкімі шықты. Бишімбаев түпкілікті 24 жылға бас бостандығынан айырылды. Байжановты 4 жылға бас бостандығын айыру туралы сот үкімі шықты.
2025 жылдың шілдесінде Бақытжан Байжановтың жаза мерзімі қысқарды. Амнистия туралы Заңға сәйкес, сотталған Байжановтың жаза мерзімінің өтелмеген бөлігі 1/3-ке қысқартылып, қалған өтеу мерзімі 1 жыл 4 ай 17 күн болып белгіленді.