Жаңалықтар

Астанаға Еуропалық кеңестің президенті келеді

Астанаға Еуропалық кеңестің президенті келеді / Фото: РИА Новости

Ертең, 4 желтоқсанда Қазақстанға ресми сапармен Еуропалық Кеңес Президенті Антониу Кошта келеді, деп хабарлайды Ақорда.

«Қасым-Жомарт Тоқаев пен Антониу Кошта келіссөз жүргізіп, екіжақты ынтымақтастықтың даму перспективасын талқылайды», – делінген хабарламада.

Айта кетейік, 2025 жылы Қазақстан Республикасы мен Еуропалық Одақ арасындағы кеңейтілген әріптестік және ынтымақтастық туралы келісімге қол қойылғанына 10 жыл толды.

Осыған дейін Антониу Коштамен Тоқаев сәуір айында Өзбекстанның Самарқан қаласында кездескен. Ол кездесуде Еуропа Одағы Қазақстанның ірі сауда серіктесі әрі шетелдік инвесторы саналатынын баса айтылған еді. Елімізге Еуропа елдерінен тартылған тікелей инвестицияның 40%-дан астамы аталған ұйымға тиесілі. Былтыр Қазақстан мен Еуропа Одағына мүше елдердің тауар айналымы 50 млрд долларға жуықтаған. Бұл Еуропа Одағы мен Орталық Азия елдері арасындағы сауда-саттық көлемінің 80%-ын құрайды.