«Біз араласа алмаймыз»: Оқу-ағарту министрі Tesla Education-ға қатысты пікір білдірді

Ата-аналардан оқу ақысын алдын ала алып, оған сай қызмет көрсетпейтін репетитор орталықтарын мемлекет реттей ала ма? Оқушылар қосымша курсқа барса, демек оқу бағдарламасының сапалы болмағаны ма? Бүгін Мәжіліс отырысында депутат Нартай Сәрсенбай осы тақырыпты көтерді.
«Tesla Education жұмысындағы жүйесіздіктен 3000-дай адам алданып, 1 млрд-тан астам қаражатымызды қайтара алмай қалдық деп дабыл қағып жатыр. Осы тұрғыда заңды сауал, осындай жекеменшік курс орталықтарының жұмысын жүйелеу үшін олардың жұмысына рұқсат беру тетіктерін қатаңдату бойынша қандай шаралар қолданылып жатыр», – деп сұрады ол министрліктен.
Оқу ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова мемлекет жекеменшік оқу орталықтарының жұмысына тікелей араласуға құқығы жоқ екенін анық айтты.
«Мұндай қосымша білім беру ұйымдарының жұмысы Кәсіпкерлік Кодексінің аясында реттеледі. Оған оқу ағарту министрлігінің, жергілікті атқарушы органдардың ешқандай қатысы жоқ. Бұл ата-аналармен осы жекеменшік орталықтар арасындағы азаматтық құқықтық қатынастарға сәйкестендіріледі. Бірақ ата аналарымыздың жанайқайын естігендіктен Білім туралы заңға, Кәсіпкерлік туралы кодекске алаяқтықты болдырмауға байланысты заң нормаларды қарастыруды бастадық», – деді ол.
Ведомство басшысы білім сапасын арттыруға байланысты кешенді жұмыс басталғанын түсіндірді.
«Бізде Nobd.edu дегенақпараттық жүйе бар. Ол жерде қосымша білім беруге баратын балаларды бақылау тетігі болмаған, соны енгізіп бастап жатырмыз. Біз репетиторлық орталыққа барма деп шектеу жасай алмаймыз. Ол интеллектуалдық құқық, әркімнің Конституциялық құқығы. Бірақ десе де білім сапасын арттыруға байланысты министрлік кешенді жұмыс бастады. Қай сыныпта, қай тақырыпты балалар түсінбей жүр, мұғалімнен қандай ағаттық кетті? Соның бәріне кешенді талдау жүргізуді бастап кеттік», – деді Жұлдыз Сүлейменова.
Осы жылы қарашада Алматы мен Астанадағы жүздеген ата-ана Tesla Education білім беру орталығына шағым түсірді. Олардың сөзінше, оқу сапасы өте төмен болған. Ал орталық ақысын қайтарудан бас тартып, келісім-шартты үзген. Қазір осы іс бойынша Алматы полиция департаменті қылмыстық іс қозғады.