Жаңалықтар

Депутаттар сөзін алдын ала сүзгіден өткізіп ала ма – Елнұр Бейсенбаев жауап берді

Депутат бұл тұжырымды жоққа шығарды / фото: ашық дереккөзден
Депутат бұл тұжырымды жоққа шығарды / фото: ашық дереккөзден

Экс-депутат Гаухар Танашева «Мәжілісте депутаттар сөйлейтін сөзін алдында ала сүзгіден өткізіп алады» деп мәлімдеп, мәжілістегілер сценарий бойынша сөйлейтінін айтқан еді. Журналистер депутат Елнұр Бейсенбаевтан осы жайттың рас-өтірігін сұрады.

«Жеке жауапкершілігіңізде«

Депутат бұл тұжырымды жоққа шығарды.

«Мен өзімнің сөзімді жазамын. Реттеймін. Қалай сценарий бойынша? Регламент бойынша, «Мәжілісте сөз айтамын, баяндамаға қосыламын» десеңіз, онда міндетті түрде ескертесіз. Қандай сөз айтатыныңыз – жеке жауапкершілігіңізде. Менің ойымша, «сұрақ дайындап береді, оған үкіметтің дайын жауабы болады» деген сөз қисынға келмейді. Депутатқа кім сұрақ дайындап бере алады?»6 – деді Елнұр Бейсенбаев.

«Біліктілігі жете ме?»

Журналистер «сұрақтар тексеріле ме» деп қайыра сұрады.

«Кім тексереді? Үкімет пе? Үкіметпен ешқандай байланыс жоқ. Қалай тексереді? Мәжілісте ешқандай сұрақтар дайындалмайды. Екіншіден, Ермұрат Бапиға немесе Бақытжан Базарбекке және Бейсенбаевқа, басқа да депутаттарға өзінің ішіндегі түйткілді сұрағын кім дайындап бере алады? Логикаға сай келмейді. Депутатқа сұрақ дайындап беретін адам болса, оның бұған біліктілігі жетеді ме екен?», – деді депутат.

«Барлық мәселе айтылады»

«Депутаттарға мына мәселені көтеру керек, мына мәселені айтуға болмайды» деген талаптың бар-жоқтығы жайында да сұралды.

«Мәжілісте айтылмай жүрген мәселені байқайсыз ба? Менің сөзімді тыңдамадыңыздар. Барлық мәселе айтылды», – деген Елнұр Бейсенбаев баяндамасының өткір тұстарын оқып берді.  

Цензура қашан қолданылады

Депутат саясаттанушы ретінде кез келген цензураға қарсы екенін алға тартты.

«Алайда аморалды дүниелер болса, адамның жеке басына өтсе, ауласына рұқсатсыз кірсе, сондай жағдайларда ғана цензураны сақтау керек. Басқа уақыттарда ол –жұмыс», – деп жауап берді Елнұр Бейсенбаев.  

Ол фракция жетекшілері проблемаларды көтеріп, сыни көзқарас білдіргенін айтты. Депутаттың мәлімдемесінше, Amanat фракциясы осы сессияда 120 сауал жолдаған. Соның 60 пайызына жалтарма жауап келіпті.

Мұның алдында Елнұр Бейсенбаев Астанада наразылыққа шыққан аналардың мәселесіне мемлекет басшысы неге назар аударғаны жөнінде ойын айтқан еді.