
Мәжіліс кулуарында Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова әлеуметтік желіде қызу талқыланған ұшақта медициналық көмек көрсеткен кейсіне қатысты сұрақтарға жауап берді. Журналистер министрден аталған жағдайды растауын және оның «пиар» ретінде бағаланған пікірлерге көзқарасын сұрады.
Әлназарова бұл оған жолыққан алғашқы жағдай емес екенін, алайда алғаш рет оқиғаның елге жария болғанын атап өтті.
«Бұл мен көмектескен бірінші жағдай емес. Тек бірінші рет біреу суретке түсіріп, әлеуметтік желіге салып жіберді. Жолаушының қысымы көтеріліп, құсып жатқанын көргенде, бортсеріктер «дәрігер бар ма» деп сұрады. Мен жүгіріп барып көмектестім. Менің орнымда кез келген дәрігер дәл солай жасар еді», – деді министр.
Ол оқиғаның жария болуына қатысты әлеуметтік желідегі күмәндарға тоқталып, өзін ақтауға міндетті емес екенін жеткізді.
«Өкінішке қарай, әлеуметтік желіге салғаннан кейін күмән туды. Бірақ айтарлықтай сұрақ туындайтындай ештеңе көрген жоқпын. Әр адамның пікірі бар, оған әсер ете алмаймын. Ең бастысы – парызымды орындадым. Ешкімнің алдында ақталатын жайым жоқ», – деді Әлназарова.
Айта кетейік, бұған дейін Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова Астана – Алматы бағытындағы әуе рейсінде есінен танып қалған жолаушыға алғашқы медициналық көмек көрсеткенін жазғанбыз. Бұл туралы Threads желісінің пайдаланушысы хабарлап, жазбасына бейнежазба да тіркеген.