
Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов Алматы қаласындағы №79 гимназияның оқушысы, жас өнертапқыш Дана Қадырбекпен кездесті.
10-сынып оқушысы заманауи наноматериалдарды пайдалана отырып, атмосферадағы суды жинайтын, электр қуатын қажет етпейтін инновациялық құрылғы әзірлеген. Бұл технология ауадағы ылғалды тиімді сіңіріп, қосымша қуат көзінсіз-ақ конденсациялауға мүмкіндік береді. Ерекшелігі – ылғал аз аймақтарда да жұмыс істей алуы және күн энергиясын қолдануы.
Меморандумға қол қойылды
Кездесу қорытындысы бойынша министрлік пен жас ғалым құрылғының жұмысын бірлесіп талдау, жобаны пилоттық режимде сынақтан өткізу, деректер алмасу және технологияның кеңінен қолданылу мүмкіндігін зерттеу мақсатында ынтымақтастық туралы меморандум жасасты.
Нұржан Нұржігітов министрліктің Ғылым және инновациялық технологиялар департаментіне жобаны пилоттық режимде жүзеге асыруға жан-жақты қолдау көрсетуді тапсырды. Сонымен қатар Дана Қадырбекке алғыс хат пен бағалы сыйлық табыстады.
«Дарынды жастардың су үнемдеу мәселелеріне үлес қосып, ерекше ғылыми жобалар әзірлеуі қуантады. Бұл құрылғы – шалғай аймақтар үшін өте маңызды шешім. Ылғал аз кезде де атмосферадан су жинай алуы оның практикалық құндылығын арттырады. Наноматериалдар мен күн энергиясын қолдану жобаны жасыл инновацияның маңызды бағытына айналдырады», – деді министр.
Халықаралық жетістікте Дана Қадырбектің жобасы бірнеше ірі халықаралық және республикалық байқауда жоғары бағаланған:
- WICO халықаралық көрмесі (Оңтүстік Корея) – 36 елден келген 2000 қатысушы арасында I орын
- YISF халықаралық ғылыми жәрмеңкесі (Индонезия) – 24 ел арасында I орын
- Kazakhstan Smart Space байқауы – жүлделі орын
Сонымен қатар жоба БҰҰ Өнеркәсіпті дамыту ұйымы (UNIDO) қолдайтын GCIP халықаралық бағдарламасының жартылай финалистері қатарына енген. Қазақстан бойынша 500-ден астам өтініштің арасынан ерекшеленіп, үздік ондыққа кірді.