Жаңалықтар

Сұраныс төмендеді: банктер кепілсіз несие беруді азайтқан

Кепілсіз несие беру азайған / Коллаж: kursiv.media, бильд-редактор Ахтам Зиперов

Екінші деңгейлі банктер халыққа кепілсіз несие беруді азайтқан. 2025 жылы кепілсіз несиеге деген сұраныс төмендеп, керісінше халықтың ипотека, автокредит және мүлік кепілімен берілетін тұтынушылық қарызға қызығушылығы артты. Қаржыгерлер қауымдастығы сарапшыларының пайымдауынша, бұл үрдіс жоғары базалық ставка мен табыстың қысқаруы, нарықты реттеудің күшеюімен байланысты,

Аналитика орталығының есебіне қарағанда, 2025 жылдың қаңтар-қыркүйек айларында банктерге түскен кредит өтінімдері 13,1%-ға азайған. Былтыр дәл осы уақытта халық кредитті көптеп алған.

Сұраныстың құлдырауы ең алдымен кепілсіз несие сегментте байқалды: кепілсіз несиеге түскен өтінімдер 16,4%-ға кеміді. Ал қамтамасыз етілген қарыз түрлеріне сұраныс керісінше өскен: ипотекаға – 10,2%, автокредитке – 48%, мүлік кепілімен берілетін тұтынушылық қарыздарға – 54,5%.

Бұл өзгерістің себебі бірнеше фактордың тоғысуында жатыр:

  • Біріншіден, базалық ставканың жоғары болуы қарыз алуды қиындатып отыр.
  • Екіншіден, макропруденциялық талаптардың қатаюы заемшылар үшін қосымша кедергілер жасады.
  • Үшіншіден, халықтың нақты табысы 1,7%-ға төмендеп, сатып алу қабілеті әлсіреді.
  • Төртіншіден, соңғы жылдары белсенді өскен нарық қазір қанығу фазасына жақындады.

Қарыз алушылардың қатары сиреді

Биыл жалпы кредит алғысы келетіндердің қатары сиреген. Мәселен, 2024 жылы бұл көрсеткіш 240,6 мың адамды құраса, биыл қарқыны екі есе баяулап, 104,4 мың болған.

Сонымен қатар, жұмыспен қамтылғандардың саны 133,1 мың адамға көбейіп, нәтижесінде кредитпен қамтылу деңгейі 88,5%-ға дейін төмендеді. Бұл халықтың қарыз алуға деген бейімділігінің әлсіреп жатқанын көрсетеді.

Жақында Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі банк секторына арналған маңызды өзгерістер пакетін ұсынды. Соған сәйкес тұрақты табысы жоқ азаматтардың тұтынушылық кредит алуы қиындайды.