
Қараша айында теңге бірден 3,3 пайызға нығайып, 3 желтоқсанда доллар бағамы 503 теңгеге дейін түсіп кетті. Алайда қаржыгер-сарапшылар теңгенің нығаюы уақытша құбылыс деп тұжырымдайды. Өйткені ұлттық валютаның күш алуына ешқандай экономикалық негіз жоқ, теңге бағамының беки түсуіне валюта саудасынан пайда тапқысы келген алыпсатарлардың әрекеті ықпал етіп отыр. Қаржыгер-сарапшы Арман Бейсембаевтың пікірінше, доллардың арзандауы ұзаққа созылмайды.
Қаржыгердің бағалауынша, теңгенің қазіргі жағдайы – сыртқы валютаның көп түсуі, инвесторлардың «ыстық ақшасы», халықтың долларды сатуы, мемлекеттік бағдарламалардың импорттық шығыстарының аяқталуы сияқты факторлардың бір уақытта әсер етуінен туындаған уақытша құбылыс.
Ұсыныс сұраныстан асып тұр
Арман Бейсенбаевтың айтуынша, ең басты себеп – нарықтағы шетел валютасының көлемі айтарлықтай артқан.
«Экспорттаушылар валюта түсімдерін үздіксіз нарыққа шығарып жатыр. Бұдан бөлек, халықаралық нарықта орналастырылған 1,5 млрд долларлық евробонд қаражаты да теңгеге ауыстырылуға тиіс. Бұл қаражат нарыққа құйылған кезде, доллар ұсынысы автоматты түрде өседі», – дейді сарапшы.
Қосымша фактор – Ұлттық қордан бөлініп жатқан қаражат. Сарапшының айтуынша, желтоқсанда шамамен 400–500 млн доллар нарыққа түседі. Мұның бәрі теңге бағамын қосымша қолдайды.
Жоғары пайыздық мөлшерлеме «ыстық ақшаны» тартып жатыр
Сонымен қатар сарапшы базалық мөлшерлеме жоғары кезде теңгедегі активтерден тез пайда көруді ойлаған алыпсатарлар нарықты қыздырып жатыр деп тұжырымдайды.
«Ұлттық банктің пайыздық мөлшерлемені көтеруі жағдайды айтарлықтай өзгертті.
Мөлшерлеме 18% деңгейіне жеткеннен кейін, теңгелік активтер шетелдік инвесторлар үшін бірден тартымды бола бастады. «Ыстық ақша» деп аталатын қысқа мерзімдік, бірақ көлемді капитал ағыны Қазақстан нарығына құйылып жатыр», – дейді ол.
Оған қоса Bank of America өзінің ресми хабарламасында доллар сатып, теңге алғанын мәлімдеген. Бұл халықаралық спекулянттардың да теңге бағытына жұмыс істей бастағанын көрсетеді.
Бейсенбаев соңғы айларда долларды көптеп алып қойған тұрғындар теңге нығайғанын көріп, валюта сатуға көшкеніп атап өтті.
«Қазір халықтың бұрынғыдай жаппай доллар сатып алып жатқаны байқалмайды. Бұл да валюта ұсынысын күшейтті. Ал сұраныс төмендеген сайын теңге бағамы нығая түседі», – дейді сарапшы.
«Теңгенің нығаюы ұзақ мерзімді тренд емес«
Сарапшы теңгенің күшеюін «тұрақты әрі фундаменталды тренд» деп атауға асықпау керегін айтады.
Себебі:
- қазіргі өсім қысқа мерзімді факторларға негізделген;
- сыртқы нарық пен ішкі экономикада теңгені ұзақ мерзімде қолдайтын тұрақты факторлар жоқ;
- Ұлттық банк инфляция өссе, мөлшерлемені одан әрі көтеруге дайын екенін ашық айтқан;
- Мөлшерлеме жоғары болған сайын «ыстық ақша» ағылуы мүмкін, бірақ ол тұрақсыз капитал, кез келген уақытта кері шығып кетуі ықтимал.
Бұл ретте сарапшы теңге бағамы қай кезге дейін жоғары болатынын нақты айту қиын екенін атап өтті. 2026 жылғы бюджетте доллар бағамы 540 теңгеден есептелгенін ескерсек, теңге келер жылдың І тоқсанынан қайтадан құнсыздануы ықтимал. Өйткені экспорттан түсетін валютаға тәуелді ел қазынасына теңге бағамының арзан болғаны тиімді.
Freedom Broker мамандары да доллардың шамадан тыс сатылуы бірқатар қауіп-қатер тудыратынына назар аударған.
«Теңгенің нығаюына әсер етіп отырған негізгі факторлар – Ұлттық банктің валютаны ірі көлемде сатуы және жоғары базалық мөлшерлеме аясында мемлекеттік бағалы қағаздарға қызығушылық танытып отырған шетелдік инвесторлардың белсенділігі.
Алайда теңгенің күшеюіне қарсы әсер ететін тәуекел де жоғары. Олардың қатарында кері интервенция жасау немесе Ұлттық банктің доллар сату көлемін әдейі қысқартуы, сондай-ақ мұнай экспортында орын алуы мүмкін күтпеген жағдайлар, мысалы, Новороссийскідегі мұнай тиеу терминалдарында болатын апаттар секілді факторлар бар», – делінген шолуда.
Бұған дейін Halyk Finance сарапшылары да доллардың арзандауына шетелдік инвесторлардың алыпсатарлығы себеп боп тұрғанын жазған.
Жалпы, сарапшылар Ұлттық банкке қаржылық тұрақтылыққа қатысты нақты саясат ұстану және шетелдік инвесторлардың мемлекеттік бағалы қағаздарға қатысуы туралы деректерді ашық әрі жиі жариялап отыруды ұсынады.