Жаңалықтар

AZAL ұшағының апаты: Бозымбаев тергеу жайлы тың мәліметтерді айтты

Фото: kursiv.media мұрағаты

Үкімет басшысының орынбасары Қанат Бозымбаев Ақтауда Әзербайжан ұшағының апатын тергеу жұмыстары жайлы сұраққа жауап берді.

Мәжіліс кулуарында журналистер вице-премьерге Әзербайжан ұшағының апаты жайлы сұрақ қойды. Бозымбаев тексеру нәтижесі жақында жарияланатынын мәлімдеді. Тергеу екі бағытта жүргізілгенін, Бас прокуратура қылмыстық құрамды тергесе, Көлік министрлігі авиациялық апаттың өзін тексеріп жатқанын айтты. Соңғысы тергеуді аяқтауға жақын қалған.

«Қазір технологияның, аэронавигациялық құралдардың және басқа жабдықтарға лицензия берушілерден немесе өндірушілерден қорытынды есеп күтіп отырмыз. Жалпы, Көлік министрлігінің тергеуін аяқтауға дайынбыз, яғни биыл немесе келесі жылдың басында нәтижесі шығады. Бас прокуратура тергеуінде де ілгерілеу бар. Осы мәселе бойынша көршілес мемлекеттер басшыларының тиісті мәлімдемелерін де көрдіңіздер. Сондықтан келесі жылы осы тұрғыдағы іс-шаралар аяқталады деп үміттенеміз», – деді Бозымбаев.

Еске сала кетейік, 2024 жылдың 25 желтоқсанында Azerbaijan Airlines компаниясының Баку-Грозный бағытында ұшқан Embraer әуе кемесі Ақтау маңында құлады. Ұшақта 62 жолаушы болған. Олардың 37-сі – Әзербайжан, 16-сы – Ресей, алтауы – Қазақстан, үшеуі – Қырғызстан азаматы.

Сондай-ақ бортта 5 экипаж мүшесі болған. Апат салдарынан 38 адам қаза тапты. Оның ішінде үш бала бар. Ал 29 адам аман қалған.

Ұшақтың апатқа ұшырауына Ресейден атылған зымыран әсер еткенін хабарланып, Ресей президенті Владимир Путин зымыранның атылу себебін түсіндірген. Апаттан кейін ресми Баку мен Мәскеу арасы суыған.