Жаңалықтар

Полицияның қатысуымен болған жол апаты: тараптар бір-бірін кінәлайды

Полицияның қатысуымен болған жол апаты: тараптар бір-бірін кінәлайды
Полицияның қатысуымен болған жол апаты: тараптар бір-бірін кінәлайды / Фото: Дилара Иса

Түркістан облысы Арыс қаласында полиция қызметкерлерінің қатысуымен болған жол-көлік оқиғасына қатысты дау туды. Тұрғындар қызмет көлігімен соқтығысқан полицейді кінәлайды. Ал полиция тұрғындар заңды талапқа бағынбады дейді.

Жарақат алған бір адамның жағдайы ауыр

Оқиға 30 қарашаға қараған түні Арыс қаласындағы Тәжібаев көшесі мен Байтұрсынов көшесінің қиылысында тіркелген. 36 жастағы Сәкен Садықовтың сөзінше, көлікте өзімен бірге екі адам болған. Оларды қарсы бағытта келе жатқан полиция көлігі соққан.

Фото: Дилара Иса

«Байтұрсынов көшесінде тұрамын. Өз көшемізге бұрылған сәтте полиция көлігі қарама-қарсы бағытпен келіп, сол жақ беттен соқты. Сол соққыдан көлік талға ұрылды. Есеңгіреп, есімнен танып қалдым» дейді ол.

Оқиға орнында жарақат алған бір адам жансақтау бөліміне түскен, екі адам түрлі дене жарақатын алған. Полиция жедел жәрдем шақырмай жарақат алған Садықов пен көлік жүргізушісін 4 сағат бойы ұстап, тергеуге алған. Ал бірін жеке көлікпен ауруханаға жеткізген.

«35 жастағы Бағдат Дәрменов 29 қарашадан 30-на қараған түні сағат 02:40-та жол-көлік оқиғасынан кейін ауыр жағдайда түсті. Жабық бас-ми жарақатын алған. Есін білмейді. Жағдаы әлі де ауыр» дейді Арыс аудандық орталық ауруханасының дәрігері Жұмахан Кенжеханов.

«1,5 млн теңге сұрады»

Дәрігер науқаспен бірге жол апатына түскен Сәкен Садықов 4 сағаттан кейін ауруханаға түскенін растады. Ол да жабық бас ми жарақатын алған, миы шайқалған.

Ал Садықовтың сөзінше, полиция қызметкерлері жол апатына кім кінәлі екенін анықтамай жатып, оларды кінәлай сөйлеп, «шығынды өтейсіңдер» деп талап қойған.

«Есімді жисам, полиция қызметкерлерінің көлігінде отырмын. Жан-жақта полиция қызметкерлері көп еді. 3-4 экипаж жүрді. Полицейлер «кінәлісіңдер, сендердің кесірлеріңнен біз соғылдық. Шығынның бәрін орнына қоясыңдар» деді. Менің жағдайым нашар болған соң менен сұрақ-жауап алмады. Бірақ қасымдағы рөлдегі жігітке «1,5 млн теңге бересіңдер, көлікті жөндейсіңдер, мойындайсыңдар» деп айтыпты» дейді Садықов.

Көлік жөндеуші Бахтияр Анықбаевтың сөзінше, 30 қараша күні полиция көлігін жөндеуге алып келген. Оған көлік жөндеуге тапсырыс түскенімен, тапсырыс берушіні көрмеген. Тек телефонмен сөйлескен. Қажетті құрал-жабдықты қоспағанда 300 мың теңгеге жөндеуге келіскен. Дегенмен көлікті жөндеп бітпей сол күні кешке оны қайта алып кеткен.

«Қызметтік көліктің алдыңғы бампері, 2 есігі, қанаты бүлінген» дейді көлік жөндеуші. Ал жеке автокөлік мыжылып қалған.

Полиция уәжі

Облыстық полиция департаменті жол-көлік оқиғасына тұрғындар кінәлі екенін хабарлады. Департамент мәліметінше, көлік қарсы бағытқа шығып кеткен.

«Арыс ауданында 30 қараша түнгі уақытта «Mercedes-Benz» автокөлігінің жүргізушісі бірқатар жол қозғалысы ережелерін бұзып, соның ішінде қарсы қозғалыс жолағына шыққан. Полицияның тоқтату туралы заңды талаптарын елемей, жасырынуға тырысқан жүргізуші, қызметтік автокөлік пен ағашқа соқтығысқан. Жол-көлік оқиғасы салдарынан жеңіл көліктің екі жолаушысы зардап шекті» дейді облыстық полиция департаментінің басқарма басшысы Мұхтар Сейділдаев.

Ресми мәліметке қарағанда, жүргізуші мас халде болған. Оқиғаға қатысты сотқа дейінгі тергеу амалдары басталған. Одан бөлек полиция қызметкерінің заңды талаптарына бағынбау фактісі бойынша әкімшілік іс қозғалған. Сонымен қатар полиция қызметкерлерінің іс-әрекеттері тексерілетіні хабарланды.