
Prada сән үйі Capri Holdings холдингінен Versace брендін сатып алу жөніндегі мәмілені аяқтады. Келісім құны – 1,375 млрд доллар.
«Prada S.p.A. бүгін Capri Holdings-тен Versace брендін сатып алу туралы мәміле барлық қажетті реттеуші органдардың рұқсатын алғаннан кейін сәтті аяқталғанын хабарлайды», – делінген компания хабарламасында.
Versace 2018 жылдан бері Capri Holdings-ке тиесілі болған. Брендті сату туралы жоспар биыл сәуірде жарияланған. Capri Holdings бұл қаражат қарыздарын өтеуге жұмсалатынын мәлімдеді. Холдингке Michael Kors және Jimmy Choo брендтері де қарайды.
Мәмілені Versace негізін қалаған марқұм Джанни Версаченің қарындасы Донателла Версаче құптады. Ол келісім туған күні 2 желтоқсанда аяқталғанын атап өтті.
«Бүгін – сенің күнің. Және Versace Prada отбасына қосылған күн. Сенің жүзіңдегі күлкіні елестетіп отырмын», – деп жазды модельер ағасы Джанни жайлы Instagram парақшасында.
Осыған дейін көктемде Prada шамамен 1,5 млрд еуроға Versace брендін сатып алатынын жазған едік. Бұл сән үйіне Miu Miu және Church’s брендтері тиесілі.