Жаңалықтар

Қазақстанның 12 қаласында ауа сапасы нашарлайды

SJ
фото: архив

«Қазгидромет» деректеріне сәйкес, алдағы күндері елдегі 12 қалада ауа сапасы нашарлайды. 3 желтоқсанда Ақтөбе, Алматы, Шымкент, Өскемен, Павлодар, Қарағанды, Жезқазған, Балқаш, Теміртау қалаларында, сондай-ақ түнде Астана, Петропавл және Қостанай қалаларында желдің әлсіздігі, жауын-шашынның болмауы және ауаның тұрып қалуы салдарынан атмосферадағы ластаушы заттар таралмай, шоғырлануы мүмкін. Ал қалған өңірлерде ауа сапасына қолайлы метеожағдай сақталады.

Мамандардың айтуынша, ауадағы ластану деңгейіне әсер ететін негізгі фактор – синоптикалық жағдайдың өзгеруі. Сейсенбі, 2 желтоқсан күні елдің солтүстік-батысында, солтүстігінде және орталығында фронтальды бөліктердің өтуіне байланысты жаңбыр мен қар аралас жауын-шашын жауып, көктайғақ болады деп күтіледі. Маңғыстау облысында да жауын-шашын болады, күндіз өңірдің батысында қатты жаңбыр жаууы мүмкін.

Республика аумағының қалған бөлігінде антициклон ықпалы басым болып, жауын-шашынсыз ауа райы сақталады. Сонымен қатар барлық өңірде тұман түсіп, оңтүстік-шығыс пен шығыста желдің күшеюі болжанып отыр.

Мамандар қолайсыз метеожағдай кезінде келесі сақтық шараларын ұсынады:

  • Адам көп жүретін жол жиегінде немесе өндірістік аймақтарда ұзақ уақыт болмау. Әсіресе, балалар мен жүкті әйелдерге сыртта көп жүрмеу ұсынылады.
  • Тыныс алу жолдарының созылмалы аурулары, жүрек-қан тамырлары және аллергиялық сырқаттары бар азаматтар қажетті дәрі-дәрмектерін өздерімен бірге алып жүруі керек.
  • Ауыр физикалық жүктемеден, сыртта спортпен шұғылданудан бас тартқан жөн. Жаттығуды жабық спорт кешендерінде өткізген дұрыс.

Бұған дейін Алматыда желтоқсан айының басында ауа райы өзгеріп, жаңбыр, қар аралас жаңбыр және қатты жел болатыны хабарланған еді. Синоптиктердің айтуынша, бұл өзгерістер қаланы түтін мен смогтан тазартуға көмектеседі.