Севоранмен емдеген баланың қазасы: министр 620 клиника тексерілетінін мәлімдеді

Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова балалардың тісін севоранмен емдеуге тыйым салынбайтынын мәлімдеді.
Мәжіліс кулуарында журналистердің сұрағына жауап берген министр қазір севоран препараты мен баланың қазасы (Астанада болған қайғылы оқиға) арасындағы тікелей себеп байланысы анықталмағанын айтады. Іс бойынша, тиісті сот-медициналық сараптама толық жүргізілген.
«Севоран жалпы медициналық тәжірибеде, оның ішінде балалар анестезиологиясы мен гематологиясында кеңінен қолданылады. Бұған дейін медициналық ұйымдар тарапынан бұл препараттар тобына қатысты ресми түрде ешқандай жанама әсер туралы мәлімдеме түскен емес. Сондықтан Қазақстанда тек түпнұсқа препарат қолданылып отыр. Тергеу аяқталған соң нақты баға беріліп, соған сәйкес шешім қабылданады деп ойлаймын», – деді ол.
Журналистер Ақмарал Әлназаровадан стоматологиялық клиникалар тексеріле ме деп сұраған. Министр қазір бірқатары тексеріліп жатқанын айтты.
«Жыл басынан бері шамамен 160 клиника тексерістен өтті. Алайда олардың барлығы жоспардан тыс тексерулер болды. Мұнда Кәсіпкерлік кодексіне сәйкес, медициналық ұйымға тексеріспен кіру үшін салмақты себеп, ең аз дегенде шағым немесе арыз болуы керектігін айта кеткен жөн», – дейді ол.
Әлназарова бала көз жұмған клиника тексерілгенін жеткізді.
«Бұл баламен болған оқиға – отбасы үшін өте үлкен қаза. Өз атымнан көңіл айтамын. Биыл қаңтар айында клиника толық тексеруден өтті, Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитеті материалдарды тергеу органдарына жолдады. Сондықтан қазіргі тексеріс осы негізде жүргізіліп жатыр. Жоспарлы тексерулерге келсек: Бас прокуратураның тапсырмасымен біз шамамен 620 стоматологиялық клиниканы тексеруге тиіспіз. Барлық 20 өңірдің аумақтық департаменттері мен Медициналық-фармацевтикалық бақылау комитеті бұл жұмысқа тартылды. Стоматологиялық клиникаларға қатысты жұмыстар жалғасып жатыр», – деді ол.
Еске сала кетейік, Астанада үш жастағы Зере Есентай стоматолог кабинетінде қайтыс болды. Қайғылы жағдай 2024 жылдың 30 қазанында болған. Артынша қылмыстық іс қозғалып, анестезиолог Аида Жұмағалиеваға кәсіби міндетін дұрыс орындамады деген айып тағылды. Үш жастағы қызға Dental Park Ortho стоматология клиникасында «Севоран» препараты салынып, наркоз жасалған. Әкесінің сөзінше, емдеу жоспарланған үш сағаттың орнына 3,5 сағатқа созылған.