Алматы әкімі «Қалқаман» метро құрылысын тезірек аяқтауды тапсырды (фото)

Алматы қаласының әкімі Дархан Сатыбалды «Қалқаман» метро бекеті мен оған іргелес тоннельдердің құрылыс жұмыстарын тексерді. Бұл туралы Kursiv.Media қала әкімдігінің мәліметіне сүйене отырып хабарлады.
«Әкім жұмыстың сапасы мен белгіленген мерзімді қатаң сақтау қажет екенін айтты», – деп тараты әкімдіктің баспасөз қызметі.
Әзірге сол жақтағы тоннельде рельстер төселіп, жарықтандыру, кабель тарту, су құбыры мен дренаж жүргізу, инженерлік жабдықтарға арналған кронштейндер орнату жұмысы аяқталды. Енді бейнебақылау, дауыс хабарлау жүйесі, өрт және күзет дабылдарын монтаждау жоспарланған.
«Құрылыс тәулік бойы жүргізіліп жатыр. Нысанда 478 маман жұмыс істейді».
Оң жақ тоннельде қазу жұмысының негізгі бөлігі аяқталды. Бекет аумағында монолитті құрылымдар бойынша жұмыс бітуге шақ қалды. Сонымен қатар әрлеу, коммуникациялар тарту және жабдықты орнатуға дайындық жүріп жатыр.
Бұған дейін Kursiv.Media «Қалқаман» метро бекеті қашан ашылатыны туралы жазған.





