
Қоғамдық орындарда ниқабпен жүргендерге әкімшілік жаза қолданылады. Парламенттің төменгі палатасы заң бұзғандарға 43 мың теңге көлемінде айыппұл салуды қарастыратын заң жобасын екінші оқылымда қабылдады.
3 желтоқсанда Мәжіліс депутаттары дауысқа салған заң жобасы «Құқықбұзушылық профилактикасы туралы» деп аталады.
«Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекске енгізілген түзетулерде қоғамдық орындарда бетті жауып тұратын, тануға кедергі келтіретін киім (ниқаб) кигені үшін әкімшілік жаза қарастырылған», – деп түсіндірді төменгі палата.
Заң бұзғандарға бірінші рет ескерту жасалады. Қайталанған жағдайда 10 айлық есептік көрсеткіш (АЕК) көлемінде айыппұл салынады.
2026 жыл үшін 1 АЕК 4 325 теңге деп белгіленгенін ескерсек, қоғамдық орындарда екінші мәрте ниқабпен ұсталған азаматтарға шамамен 43 мың теңге айыппұл салынуы мүмкін.
Естеріңізге сала кетейік, ниқабқа тыйым салуды көздейтін заңға президент 2025 жылғы маусымның аяғында қол қойған. Артынша Мүфтият заңды қолдап шыққан. Бұл уақытта полиция кісі жүзін жасыратын киім киюге болмайтынын халыққа түсіндіріп жүр.