Тоқаев әуе тарифі туралы: кейінгі 10 жылда баға бір-ақ рет, яғни биыл ғана көтерілді

3 желтоқсанда президент Қасым-Жомарт Тоқаев жүк авиахабтарын дамыту жөнінде кеңес өткізді. Ақордадағы жиналыста тариф саясаты туралы да сөз болды.
«Әуежай қызметіндегі қазіргі тариф саясатын қайта қарауға баса мән беру керек. Кейінгі 10 жылда баға бір-ақ рет, яғни биыл ғана өсті. Тарифтерді ұстап тұру инфрақұрылымның тозуына әкеледі. Мұны тәжірибе анық көрсетті», – деді мемлекет басшысы.
Оның пікірінше, бағаны қайта қарау қалыптасқан жағдайды өзгертуге кепіл болуға тиіс.
Сонымен бірге президент жүк ұшақтарының жетіспеушілігін ескі техникаға тыйымды алып тастау арқылы шешуді ұсынды.
«Үкімет құрастырылғанына 25 жылдан асқан жүк ұшақтарына қойылған шектеуді алып тастау мәселесін мұқият қарастыруы керек. АҚШ-тағы FedEx әуе компаниясы ұшақтарының шығарылғанына орта есеппен – 28 жыл. UPS компаниясында бұл көрсеткіш 30 жыл болса, Ұлыбританияның One Air әуе компаниясында – 33 жыл. Мұндай мысалдар жеткілікті», – деді президент.
Бұған қоса, Тоқаев авиаотын тапшылығы мәселесін түбегейлі шешуді тапсырды.
Ақорданың мәліметінше, президент өткізген жиналыста Көлік министрі Нұрлан Сауранбаев, Астана әкімі Жеңіс Қасымбек, «Алматы халықаралық әуежайы» акционерлік қоғамының президенті Косе Гокер баяндама жасады. Талқылауға премьер-министрдің бірінші орынбасары Роман Скляр, Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов, Алматы әкімі Дархан Сатыбалды және басқа да шенеуніктер қатысты.