Ұлытау әкімі Қызылорда мен Қарағанды бағытындағы жолдар қашан аяқталатынын айтты

Жарияланды
General News бөлімінің аға тілшісі
Фото: shutterstock

Ұлытау облысының әкімі Дастан Рыспеков Қызылорда – Жезқазған және Жезқазған – Қарағанды жолдары қашан пайдалануға берілетінін айтты.

Қызылорда – Жезқазған жолында жұмыс қарқыны баяу….

Әкімнің айтуынша, облыс тұрғындары Қызылорда – Жезқазған автожолы құрылысының аяқталуын асыға күтіп жүр. Дегенмен әкім жұмыстың баяу жүріп жатқанын мойындады. Аталған жол учаскесі 2027 жылға дейін тамамдалуға тиіс.

«Бұл жолдың 208 шақырымы облыс аумағынан өтеді. Қазіргі таңда құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Жолдың төрттен бір бөлігіне екі қабат асфальт төселді. Жобаны іске асыру мерзімі – 2025-2027 жылдар. Кейбір учаскелерде жұмыс қарқыны баяу. Осыған байланысты «ҚазАвтоЖол» тарапынан жұмыстарды жеделдету қажеттігі туралы тиісті ескертулер жолданды», – деді әкім.

27 қараша күні енатор Серік Шайдаров депутаттық сауалында «Қызылорда – Жезқазған» автожолын реконструкциялау жұмыстарының қатты кешігіп жатқанын мәлімдеген. Депутаттың айтуынша, бұл жоба Ұлытаудың дамуына серпін беруі тиіс еді, алайда нақты орындалу қарқыны жоспарланған көрсеткіштен айтарлықтай төмен.

Жезқазған – Қарағанды жолының құрылысы 2030 жылға дейін жалғасады

Әкім Жезқазған – Қарағанды автожолының құрылысы халықаралық қаржы ұйымының қаражаты есебінен жүзеге асырылатынын айтады.

«Қазіргі таңда конкурс жарияланды, ал 2025 жылдың соңына дейін мердігер анықталады. 2026 жылы құрылыс «толық дайын күйінде тапсыру» (яғни «кілт тапсыру» әдісі) қағидаты бойынша басталады. Құрылыс 2030 жылға дейін жалғасады. Биыл бұл жолға орташа және ағымдағы жөндеу жұмыстарына қаражат бөлінді», – деп атап өтті өңір басшысы.

Осы уақытқа дейін мардымды жөндеу көрмей келген республикалық маңызға ие Қарағанды – Қарқаралы тасжолының орташа жөндеу жұмыстары аяқталғанын жазған едік

Ал бір жыл бұрын Азия инфрақұрылымдық инвестициялар банкі мен Дүниежүзілік Банк Орта дәліз – Транскаспий халықаралық көлік маршрутының Жезқазған-Қарағанды аумағын салуға 1,3 млрд доллар инвестиция салатыны белгілі болған.

Сондай-ақ оқыңыз