Жемқорлық жоқ деп толық айта алмаймын – Ұлытау әкімі

Ұлытау облысы ең жемқор өңір ме? Бұл сұраққа аймақ әкімі Дастан Рыспеков жауап берді.
Астанадағы орталық коммуникациялар қызметінің брифингіне қатысқан облыс басшысынан Kursiv.media тілшісі өңірде сыбайлас жемқорлық фактілерінің көрсеткіші жайлы сұрады. Ұлытау пара алу, жемқорлық бойынша рейтингке үнемі көш басында тұратынын және облыс болып құрылғаннан кейін бюджет қаржысын жымқыру фактілерінің жиі тіркелгенін еске салдық.
Рыспеков жемқорлық істері осыдан 2-3 жыл бұрын болғанын, ал қазір көрсеткіш жақсы деп сендірді.
«Жемқорлық бойынша айтсақ, олар 2022-2023 жылдан бері келе жатқан істер. Қазір жергілікті атқарушы органдар тарапынан ондай олқылықтар жоқ. Жемқорлық жоқ деп мен толық айта алмаймын, ол бұрын болған оқиғалар. Қазір құдайға шүкір ондай жағдайлар жоқ«,– деп түсіндірді аймақ әкімі.
Дегенмен облыс басшысы жемқорлық істерін бақылай алмайтынын жеткізді. Ол мәселеге аппарат басшысы тікелей жауапты екенін айтады.
«Жемқорлыққа қарсы мемлекеттік қызметті жетілдіру бойынша аппарат басшысы жауапты. Мен заңға сәйкес қатаң ескерту, сөгістер жариялаймын»,– деді Дастан Рыспеков.
Мұның алдында әкім ұлытаулықтардың орташа жалақысы 554 мың теңгеге жеткенін мәлімдеді.