Жаңалықтар

Алматы метросы жер сілкінісіне байланысты уақытша тоқтатылды

Алматы метросы / фото: metroalmaty.kz
Алматы метросы / фото: metroalmaty.kz

Алматы метрополитені қалада тіркелген жер сілкінісінен кейін жолаушылар қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында пойыздардың қозғалысын уақытша тоқтатты. Бұл туралы метрополитеннің баспасөз қызметі хабарлады.

Қазіргі уақытта Төтенше жағдайлар министрлігінің мамандары жерасты нысандары мен тоннельдерді қауіпсіздік талаптарына сай тексеріп жатыр. Мұндай тексеріс сейсмикалық оқиғалардан кейін міндетті түрде жүргізіледі.

«Тексеру аяқталып, ТЖМ-нан ресми рұқсат алынғаннан кейін метро жұмысы қайта іске қосылады. Қауіпсіздік – бәрінен жоғары», – делінген ресми хабарламада.

Метрополитен әкімшілігі тұрғындардан түсіністік танытуды сұрап, тексеру аяқталғанға дейін уақытша шектеулердің сақталатынын атап өтті.

Айта кетейік, бүгін 4 желтоқсан, сағат 12:45- те Алматыда магнитудасы 4,6 жер сілкінісі сезілді.