Жаңалықтар

Алматыдағы колледж дәретханасында таяқ жеген бойжеткен ауруханаға түсті

Қазақстанда бір жылда 99 мың тұрмыстық зорлық-зомбылық фактісі тіркелген
Алматыдағы колледж дәретханасында таяқ жеген бойжеткен ауруханаға түсті / Фото: shutterstock, бильд-редактор: Аружан Махсотова

Алматыдағы колледждердің бірінде студент қыз қатарластарынан таяқ жеп, ауруханаға түскен. Ақпаратты Zakon.kz басылымы жариялады.

Басылымның жазуынша, колледж дәретханасында бойжеткенді бірнеше қатарласы ұрып соққан. Ол миы шайқалып, ауруханаға түскен.

«Қазіргі уақытта ол миы шайқалып қаладағы 1-балалар ауруханасында жатыр. Ауруханаға келген кезде оң көзінің көру қабілеті нашарлап, бірнеше рет есінен танып қалды. Баланы ұрып-соғып, тепкілеп, бетін тырнаған», – дейді студенттің әпкесі.

Алматы полиция департаменті Алмалы ауданының полиция басқармасына колледж студентінің дене жарақатын алуы фактісі бойынша жергілікті тұрғын өтініш білдіргенін хабарлады.

«Өтініш бойынша шұғыл шаралар қабылданды. Жанжалдың барлық қатысушылары анықталып, ата-аналарымен бірге полиция бөліміне жеткізілді. Қазіргі уақытта заңнамада көзделген барлық іс-әрекеттері жүргізілуде. Материалдар кәмелетке толмағандар істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссияның қарауына шығарылады», – деді полиция.

Сондай-ақ, ювеналды полиция қызметкерлері ата-аналарға қатысты іс-шаралар кешенін, оның ішінде әкімшілік ықпал ету шараларын жүргізеді.

«Кінәлі кәмелетке толмаған азаматтар профилактикалық есепке алынады. Полиция департаменті жағдайды ерекше бақылауда ұстап, кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтардың жолын кесу жөнінде түбегейлі шаралар қолданады», – деп қорытындылады ведомстводан.

Осыған дейін Шымкенттегі Бекжан базары маңында жолақысын төлемеген жасөспірім №52 бағыттағы автобус жүргізушісін ұрып кеткен еді