Жаңалықтар

Алматыдағы жер сілкінісі: ТЖ қызметкерлері қала аумағын тексеріп жүр

Полиция департаментінің патрульдік көліктері мен өрт сөндіру техникасы микроучаскелерді аралап жүр / Фото: ТЖМ, бильд-редактор: Дастан Шанай
Полиция департаментінің патрульдік көліктері мен өрт сөндіру техникасы микроучаскелерді аралап жүр / Фото: ТЖМ, бильд-редактор: Дастан Шанай

Алматыдағы жер сілкінісінен кейін патрульдік полиция экипаждары мен өрт сөндіру қызметі қаладағы микроучаскелерді аралады.

Ал гидропост мамандары мен инженерлік қызметкерлер алгоритмге сәйкес құрылыс нысандары мен өзен арналарын тексеріп жатыр.

Бұл туралы Алматы әкімінің коммуникациялар және БАҚ-пен жұмыс жөніндегі кеңесші Ілзат Ақчурин хабарлады.

Бұл – Қытайдағы жер сілкінісінен туындаған жерасты дүмпулері. Алматыға да сезіліп отыр.

 «Сағат 13:10-дағы жағдай бойынша: Полиция департаментінің патрульдік көліктері мен өрт сөндіру техникасы микроучаскелерді аралап жүр. Ал гидропост бақылаушылары мен инженерлік-техникалық қызметкерлер, әрекет алгоритміне сәйкес, құрылыстар мен өзен арналарына тексеріс жүргізіп жатыр», – делінген хабарламада.

Ақчуриннің айтуынша, ТЖМ-нің «Қазселденқорғау» мекемесінің мамандары өзен арналарына, гидротехникалық құрылымдарға, сондай-ақ ықтимал жар құлау мен сел қаупі бар аймақтарға мониторинг жүргізуде.

Сонымен қатар маңызды нысандарға келген зақымдарды анықтау үшін тексеру жүргізіліп жатыр. Барлығы штаттық режимде жұмыс істеп тұр.

Зардап шеккендер мен қирау туралы ақпарат түспеген.