«Атырау» арнайы экономикалық аймағы құрылды

Қазақстан үкіметі «Атырау» арнайы экономикалық аймағын құру туралы шешім қабылдады. Жаңа аймақ 2036 жылға дейін жұмыс істейді.
Экономикалық аймақ облыс орталығы Атырау қаласының әкімшілік шегінде, Атырау – Доссор тасжолының бойында және Жылыой ауданының аумағында орналасады. Жалпы ауданы 450 га құрайды, оның ішінде Атырау-Доссор тасжолының бойындағы өндірістік аймақ – 400 га, Жылыой ауданындағы қосалқы аймақ – 50 га.
Жаңа аймаққа шетел азаматтары мен олардың көлік құралдарының кіріп-шығуы, транзит және сол жерде болуы заңнамада белгіленген тәртіпке сәйкес жүзеге асырылады.
2036 жылға дейін «Атырау» экономикалық аймағы төмендегідей көрсеткіштерге жетуі керек:
— жалпы инвестиция көлемі – 320 млрд теңге;
— оның ішінде шетелдік инвестициялар – 120 млрд теңге, отандық – 200 млрд теңге;
— тауарлар, қызметтер және жұмыстар өндірісінің көлемі – 410 млрд теңге;
— қатысушылар саны – 70 компания;
— құрылатын жұмыс орындарының саны – 2500;
— қазақстандық құрамының үлесі – 85%.
Экономикалық аймақ құрудағы мақсат:
- заманауи, жоғары өнімді және бәсекеге қабілетті өндірістерді дамыту;
- аймақ экономикасына жаңа технологияларды енгізу;
- инвестицияларды тарту және жаңа жұмыс орындарын құру;
- өңдеу өнеркәсібінің салаларын дамыту, оның ішінде химия және мұнайхимия өндірісі, металлургия, бейметалл минералдық өнімдер шығару, металды өңдеу, резеңке және пластмасса бұйымдарын, сондай-ақ қосымша құны жоғары басқа өнімдерді өндіру.