Жаңалықтар

Аудиторлар Жамбыл облысын тексеріп, 58 млрд теңгенің заң бұзушылығын анықтады

жамбыл облысы
фото: Qazaq Geography сайтынан

Жоғары аудиторлық палата Жамбыл облысына мемлекеттік аудит жүргізіп, қорытындысын шығарды. Нәтижесіне сүйенсек, өңірге инвестиция тарту жағынан артта қалып келе жатыр, бюджеттік жоспарлауда кемшіліктер бар.

Аудиторлар дерегінше, осы жылдың 10 айдың қорытындысы бойынша, өңірге 553 млрд теңге инвестиция тартылған. Бұл былтырғы көрсеткішпен салыстырғанда 1,4 есе жоғары. Бірақ 2020-2024 жылдар кезеңінен салыстырсақ, инвестициялар деңгейі бойынша облыс республикалық рейтинг көшбасшыларынан 3,5 есе артта қалып отыр.

Мемлекеттік сатып алуда кемшіліктер бар

Жоғары аудиторлық палата мамандары бюджеттік жоспарлау, мемлекеттік сатып алу, инвестициялық жобаларды басқару бөлігінде, сондай-ақ «Тараз» ӘКК» АҚ қызметінде кемшіліктер анықталды.

Жамбыл облысы республикалық бюджеттен түсетін түсімдерге тәуелді. 2020-2024 жылдары бюджеттен түсімдер өңірге түсетін трансферт 344 млрд теңгеден 521 млрд теңгеге дейін өскен. Бірақ сол бөлінген қаржының 38 млрд теңгеден астамы дұрыс игерілмеген. 

«Мемлекеттік сатып алу саласында Тараз қаласының құрылыс және тұрғын жай-коммуналдық шаруашылық бөлімдерінің «қызмет бабында пайдалану үшін» деген грифі бар шарт жасасудың ерекше тәртібін негізсіз қолдану фактілері анықталды. Бұл адал бәсекелестікті шектеуге алып келеді. Сонымен қатар үлестес компаниялармен шарттар жасасу жағдайлары бар», – деп атап өтеді аудиторлар.

Мамандар облыста және облыс орталығы Таразда инвестициялық жобалардың іске асырылуы нашар бақыланатынын атап өтеді. Мердігерлерге әлі орындалмаған жұмыс үшін алдын-ала ақы төленген, тіпті кейбірінің өтелмеген берешегі бола тұра аванс та жіберілген.

«Мысалы, Тараз қаласының ТКШ бөлімі биыл маусым айында қалалық автожолдарды орташа жөндеу бойынша екі жобаға 537 млн теңгеден астам төлем жасаған, бірақ 70 күн өтсе де жұмыс басталмаған. Аталған жұмыс тамыз айында аудит жүргізу нәтижесінде ғана басталды», – деп жазылған аудиторлар қорытындысында.

58,5 млрд теңге қаржы бұзушылық анықталды

Шу ауданындағы 18 елдімекенге екі жыл ішінде газ тарту қажет болған. Бірақ алты жыл өтсе де жоба әлі аяқталмай жатыр. Нәтижесінде 8,2 млрд теңге игерілмей, жоғары тұрған бюджетке қайтарылған, яғни қаражат тиімсіз пайдаланылған.

«Тараз» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясының жұмысында да кемшілік бар. Ұйымның қоғам қызметінің тиімділігін арттыруға бағытталған көрсеткіштер жоқ. 2024 жылғы желтоқсанда бекітілген көрсеткіштер саны 18-ден 5 бірлікке дейін қысқартылып, ал қалғандары бойынша индикаторлар нақты қол жеткізілген нәтижелерге дейін түзетілген.

Жалпы аудит қорытындысы бойынша:

  • 58,5 млрд теңгеге қаржылық бұзушылықтар анықталды, оның 47,1 млрд теңгесі бухгалтерлік есеп және қаржылық есептілік саласындағы бұзушылықтар;
  • 75,6 млрд теңге тиімсіз жоспарланылған және пайдаланылған.

Осыған дейін аудиторлар Солтүстік Қазақстан облысына тексеру жүргізді. Оның нәтижесі бойынша, үш ауысымды және апат жағдайындағы мектептер проблемасы шешілмегені,  28,3 млрд теңгені заңсыз жұмсалғаны анықталды.