«Дипломмен ауылға» барғандар үш жылын өтемей қалаға қашып жатыр

Сенат отырысында депутат Нұртөре Жүсіп «Дипломмен ауылға» бағдарламасымен барған мамандардың үш жылдық міндеттемесін толық өтемеу мәселесін көтерді.
Сенатордың сөзінше, «Дипломмен ауылға» мемлекеттік бағдарламасына қатысушылардың кейбірі өз міндеттемелерін орындамайды. Соның салдарынан бағдарламаның нақты тиімділігі төмендеп, бюджет қаражаты мақсатсыз жұмсалып жатыр.
Бағдарлама іске асырылған кезеңде 114 мыңнан астам маман қолдау алған, ал 52 мыңға жуық адам тұрғын үй мәселесін шешкен. Алайда бағдарлама ауқымды болғанымен, маңызды проблема сақталып отыр. Қатысушылардың бір бөлігі ауылдық жерде үш жыл жұмыс істеу жөніндегі міндеттемелерін орындамайды. Соңғы үш жылдың өзінде 166 адам келісімшарт талаптарын бұзған. Ал бюджет несиелерінің қайтарылмауы 784 млн теңгеден асып түскен.
«Мемлекет қаражат бөліп келеді. Бірақ ауылдық жердегі кадр тапшылығын шешуде бағдарлама тиімді болды ма деген сұрақ бар. Бүгінде халықтың 37 пайызы, яғни 3 млн-нан астам, 4 млн-ға жуық адам ауылда тұрады. Тек Солтүстік Қазақстан облысының өзінде 2025-2027 жылдар аралығында кадр қажеттілігі 3043 адамды құрайды. 114 мың маман көтерме ақы алғанымен, тек 52 мыңы ғана тұрғын үймен қамтамасыз етілген. Ауылда мамандардың қаншасы сонда тұрақтап қалды, нақты көрсеткіштер ашық емес. Ақшаны алады, қалтаға салады. Уақыт өтеді, ауылдан кетеді. Жәрдемақылар маманды тартуға көмектеседі, бірақ тұрақты қалуға жеткілікті мотивация бермейді», – деді Нұртөре Жүсіп.
Сондай-ақ сенатор бағдарлама қатысушыларының өмір сүру жағдайына – жалақы деңгейіне, әлеуметтік инфрақұрылым қолжетімділігіне кешенді талдау жүргізілмегенін айтты. Ауылдарда әлі де сапалы қызметтер мен тұрғын үй тапшы, сондықтан жас мамандар міндетті мерзім біткен соң кетіп қалады.
Бұған қоса бюрократия, өңірлердегі әртүрлі тәжірибе және облыстардың бағдарламаға қатысуының біркелкі еместігі қиындық туғызуда. Осыған байланысты сенатор бағдарламаға көрсетілген проблемаларды ескере отырып өзгерістер енгізуді ұсынып отыр.
Айта кетейік, бұдан бұрын Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова ауылдық елдімекендерге жұмысқа барған медицина саласының мамандарына «Дипломмен ауылға» бағдарламасы аясында бір реттік төлем берілетінін мәлімдеген.
Сондай-ақ депутат Нұртай Сабильянов кей өңірлерде уәде етілген қаражат берілмегінен айтып, премьер-министр Олжас Бектеновке сауал жолдаған.