Жаңалықтар

ЕуроОдақпен келіссөздер басталғанда, Сенат ЛГБТ туралы заңды кейінге қалдырды

сенат қр
фото: ашық дереккөзден

4 желтоқсанда Сенат ЛГБТ насихатына тыйым салу туралы заң жобасын талқылау керек еді. Бірақ таңертең жобаны күн тәртібінен алып тастады. Заң жобасын талқылауға қатысатын Мәдениет және ақпарат министрлігінің өкілдері де алып тасталды.

Сенат баспасөз қызметі заң жобасын талқылау белгісіз мерзімге кейінге қалдырылғанын хабарлады.

«Кейбір нормаларды қосымша пысықтау қажеттілігіне байланысты мұндай шешім қабылданған. Маңыздысы – бұл заң арқылы Еңбек кодексіне және 12 заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізіледі. Сондықтан жұмыс ауқымды және қосымша уақытты талап етеді. Сонымен қатар заң балалардың құқықтарын қорғауға қатысты мәселелерді де реттейтіндіктен, бұл өте мұқият әрі салмақты қарауды қажет ететін тақырып. Осыны ескере отырып, депутаттар заң жобасын қарауды кейінгі мерзімге шегеруді жөн деп тапты», – деп жазылған хабарламада.

Айта кетейік, күні кеше ғана Қазақстан СІМ мен ЕО өкілдері арасында визаны жеңілдету туралы келіссөздер басталды. Сол тұста Еуроодақтың арнайы өкілі  Эдуардс Стипрайс  ЛГБТ насихатына тыйым салу туралы материал алаңдатып отырғанын айтты. Бұл заң жобасы БҰҰ мүшесі ретіндегі негізгі қағиадаттарға қарсы келмеуі керек деген еді ол ҚазТАГ тілшісіне берген пікірінде.

ЛГБТ насихатына тыйым салу – осы жылдағы ең даулы заң жобаларының бірі. Оны Еділ Жаңбыршин бастаған бір топ депутаттар ұсынды. 12 қарашада Мәжіліс бұл заң жобасын қабылдады, енді Сенат қарауы керек. Белсенділер бұл жоба Қазақстан Конституциясына қайшы келеді деп есептейді.