Экономикадағы ақша массасы бір жылда 17,7%-ға өскен

Қазақстан экономикасында ақша массасы артып келеді. Мәселен қазан айында жалпы ақша массасының және оның теңгедегі құрамдасының жылдық өсу қарқыны тиісінше 17,7% және 17,8%-ды құраған. Бұл туралы Ұлттық банктің ақша-кредит саясаты туралы баяндамасында жазылған.
Ақша ұсынысының кеңеюі бірнеше арна арқылы жүріп жатыр және қазіргі макроэкономикалық жағдайда бұл үрдіс экономикалық белсенділік, кредит беру динамикасы және салық саясатымен тығыз байланысты.
Банктер жаппай кредит беріп жатыр
Ақша массасының өсуіне әсер ететін негізгі факторлардың бірі – банктердің кредит беруі қос таңбалы қарқынмен өсуі. Ұлттық Банктің деректері бойынша корпоративтік кредиттер мөлшерлемелері тұрақты сақталғанымен, ипотекалық несиелеу белсенді түрде артқан, ал тұтынушылық несиелердің өсу қарқыны біршама баяулаған.
Кредиттің артуы экономикадағы ақша айналымын күшейтіп, ақша ұсынысының артуына тікелей әсеп етіп жатыр.
Ақша массасын ұлғайтатын тағы бір маңызды фактор – фискалдық операциялар мен Үкіметтің сырттан қарыз тартуы. Баяндамада атап өтілгендей, бюджет тапшылығын қаржыландыру мақсатында мемлекеттік бағалы қағаздардың шығарылымы айтарлықтай ұлғайған. 2025 жылғы тамыз-қазан айларында Қаржы министрлігінің МБҚ шығару көлемі өткен жылмен салыстырғанда 50,4%-ға артқан.
Қысқа мерзімді қағаздар көлемі 5,2 есе, ұзақмерзімді қағаздар 2,9 есе көбейген. Бұл мемлекеттік сектордың белсенді қарыз алуы арқылы ақша массасының кеңеюіне ықпал ететінін көрсетеді.
Ақша агрегаттарының құрылымы өзгерді
Ақша массасының артуы ұзақ мерзімде қолма-қол емес ақша үлесінің өсуімен де байланысты. Соңғы 20 жылда M3/M0 және депозиттер/M0 көрсеткіштері тұрақты өсім байқатқан, бұл халық пен бизнес тарапынан қолма-қол ақшаға қарағанда банктік және электрондық құралдарды көбірек пайдалану үрдісін білдіреді.
Теңгелік агрегатты көрсететін M2/M0 қатынасы да 2020 жылдан бері өсім аймағында, бұл цифрландыру және онлайн-төлемдердің кеңеюінің нәтижесі екені айтылған
Ақша массасының артуы ішкі экономикалық белсенділіктің қалпына келуімен байланысты. M0 динамикасы (қолма-қол ақша) шок кезеңдерін есептемегенде, ЖІӨ траекториясымен бірге бағыттас жүретіні көрсетілген.
Бұл экономика өскен сайын ақшаға сұраныс артып, айналымдағы ақша көлемінің ұлғаятынын дәлелдейді.
Бұған дейін экономист Ернар Серік экономикада ақша массасының артуы теңге бағамына қысым тудыратынын айтқан.