
2025 жылдың тоғыз айында кредитке көлік алғысы келгендердің өтінімі 48%-ға, жаңа берілген кредиттер 47%-ға артқан. Алайда жылдың ортасынан кейін нарық екпіні бәсеңдеп, өсім шарықтау шегіне жеткені сезіле бастады. Бұл туралы Қаржыгерлер қауымдастығының шолуында жазылған.
Халық жаңа көлікті кредитке алады
Автокөлікке деген қызығушылықтың артуына бірнеше себеп бар. Көпшілік үшін автомобиль тек жеке көлік емес, табыс табудың құралына айналған. Такси, жеткізу қызметі мен шағын бизнестегі сұраныс халықты автокредитке жиі жүгінуге итермеледі.
Банктер де нарық қажеттілігін дөп басып, түрлі акция ұсынып, өнім желісін кеңейтті. Қолайлы шарттар, жалақы мен жұмыспен қамтудың өсуі, қарыз жүктемесін есептеудегі жеңілдіктер – мұның бәрі азаматтардың төлем қабілетін нығайтып, банктердің өтінімдерді мақұлдануына ықпал етті.
Соның нәтижесінде несиеге сатып алынған көліктердің үлесі бір жылда 38%-дан 66%-ға дейін көтерілген.
Банктер клиентті қатаң тексереді
Автонесиеге деген сұраныс рекорд орнатқанымен, банктер тәуекелді қатаң бағалап отыр. Мақұлдау көрсеткіші 16,5%-дан 17,5%-ға дейін ғана көтерілді, бұл жалпы бөлшек нарықтағы орташа деңгейден айтарлықтай төмен. Себебі автокредиттердің сомасы ірі әрі мерзімі ұзақ болғандықтан, банктер мұқият сараптауға басымдық береді.
Соған қарамастан, сегмент сапасы тұрақты: мерзімі өткен берешектің үлесі 3,3% деңгейінде қалып отыр, бұл – автокредиттің кепілзаты қарыз алушыларды тәртіпке келтіретінін көрсетеді.
Қазақстанда құрастырылған көліктердің үлесі артып келеді
Жыл басынан бері елде құрастырылған көліктердің саны айтарлықтай көбейді. 9 айда 106,7 мың автомобиль құрастырылды, бұл бір жыл бұрынғы көрсеткіштен 15 мыңға артық. Соның арқасында отандық көліктердің үлесі 6%-дан 11%-ға дейін өсті. Бұл ішкі нарықтағы таңдау мүмкіндігін арттырып, кредиттік белсенділікті одан әрі қолдады.
Тамыз-қыркүйек айларында автонесиенің бұған дейінгі серпінді кезеңі аяқталып, алғашқы тежелу белгілері байқалды.
Бұл өзгеріске жеңілдік беретін бағдарламалардың тоқтатылуы және ақша-кредит саясатының қатаңдауы себеп. Сонымен қатар электромобильдерді жеңілдікпен әкелу тәртібінің аяқталуы да нарықтағы сұранысты төмендететін факторлардың бірі болмақ.
IV тоқсанда сұраныс одан әрі төмендеуі ықтимал. Базалық мөлшерлеменің жоғары болуы және реттеуші талаптардың күшеюі банктердің талаптарын қатаңдатып, қарыз алушылардың мүмкіндігін шектейді. Оның үстіне, жаңа автолизинг бағдарламасының іске қосылуы тұтынушылардың бір бөлігін осы бағытқа бұрып, автокредит нарығын салқындатуы мүмкін.