
Қазақстандағы ең қымбат компаниялардың бірі – «Қазатомөнеркәсіп» ұлттық атом компаниясының акциялары арзандауы мүмкін. Кәсіпорынның 9 айлық қаржы есебіне сүйене отырып брокерлер осындай болжам жасап отыр.
Қазіргі кезде ұлттық атом компаниясының нарықтың құны 14,6 млрд доллардан асады. Биржада бір акциясы 28 684 теңгеден саудаланып жатыр.
Соңғы айларда компания қағаздарының айтарлықтай өсуіне қарамастан, сарапшылар алдағы кезеңдегі қозғалысқа сақтықпен қарап отыр.
Брокерлер неге болжамын жаңартты?
Freedom Broker өз талдауында компания акцияларының бағасына қатысты болжамын қайта қараған. Брокер «Қазатомөнеркәсіп» акцияларының бұған дейінгі 29 000 теңге деңгейіндегі мақсатты бағасын аздап төмендетіп, 27 900 теңге деп белгіледі. Нарықтық бағамен салыстырғанда бұл көрсеткіш 2% шамасында ғана төмендеу ықтималдығын көрсетеді.
Осыған байланысты брокер бұған дейін акцияларды «сатып алуға» кеңес берсе, енді «ұстай тұрған» жөн деп тұжырымдайды. Сондай-ақ брокер акцияның нарықта әділ бағаланып тұрғанын атап өтті.
Ал Alatau City Invest акцияның мақсатты бағасын бұрынғы деңгейде қалдырды. Брокер есепте компания қағаздарының шынайы құны 38,5 доллар немесе 20 815 теңге деңгейінде екенін атап өтеді. Алайда ағымдағы нарықтық баға осы деңгейден жоғары тұрғандықтан, мамандар бағалы қағаз 27,4 пайыз арзандауы мүмкін екенін атап өтіп, «бейтарап рейтинг» берді.
Бұл компания капитализациясы соңғы айларда күрт өскенін ескерсек, акциялары артық бағаланған деген сақтық барын білдіреді.
Десе де, «Қазатомөнеркәсіп» акцияларының нарықтағы нақты динамикасы оң қалыптасып отыр. Соңғы алты айда олардың құны 47%, ал бір жыл ішінде 35% өскен.
Бұл өсім инвесторлардың компанияға деген жоғары қызығушылығын көрсетсе, сарапшылардың қазіргі болжамдары бағаның тым тез көтерілуінен кейін түзету қаупінің де бар екенін меңзейді.
«Қазатомөнеркәсіп» – әлемдегі ірі уран өндіруші. Әлемдік өндірістің шамамен 40 пайызы Қазақстанға тиесілі.
«Қазатомөнеркәсіптің» ауционерлері:
- «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ – 63%,
- ҚР Қаржы министрлігі – 12%,
- Еркін айналымдағы акциялар (KASE, AIX, Лондон биржасы) – 25%.