Атырауда Formula-1 жарыс трассасы салынады

Атырауда Formula-1 стандартымен автожарыс трассасы салынады. Жаңа автожарыс трассасының жобасында жастарға арналған жеке аймақ қарастырылған. Бұл жайлы ОКҚ-да өткен брифингте Атырау облысының әкімі Серік Шәпкенов мәлімдеді.
«Бұл жоба ұсынылған кезде мен де инвесторға «Мұнда әуесқойлар жарыс өткізе ала ма?» деген сұрақты қойдым. Өйткені жасөспірімдер арасында заңсыз көше жарыстары болып тұрады. Біз олардың қай жерде өтетінін, жол-қауіпсіздік талаптарының сақталуын бақылап жүреміз. Сондықтан жаңа трассада жастар үшін арнайы мүмкіндік қарастырылады», – деді Шәпкенов.
Әкімнің айтуынша, жобаның бастамашысы – Атыраудағы ірі вагон өндіретін зауыттың иесі, кәсіпкер Шота Абхазава. Жоба оның жеке қаражаты есебінен жүзеге асады, ал әкімдік жер телімін бөліп берген.
«Ол автожарыстарға қатысады – бұл оның сүйікті спорты. Әрі өңірде осы спортты дамыту – кәсіпкердің әлеуметтік жауапкершілік аясындағы идеясы», – деді Шәпкенов.
Әкімнің айтуынша, әуесқой жарыстар тек міндетті оқыту, арнайы экипировка және толық қауіпсіздік нормаларын сақтау арқылы ғана өткізілуге рұқсат етіледі. Қазір жобалау жұмыстары жүріп жатыр. Құрылыс жұмыстарының басталуы мен аяқталу мерзімі шамамен 2-3 жыл ішінде анықталады.
Инвестор жобалау жұмыстарына кірісіп кеткен. Итальяндық сәулетшілер және Италияда трасса салатын компания тартылған. Жарыс кешені Атырау әуежайының маңында орналасады. Концепцияның ресми таныстырылымы желтоқсан айының екінші жартысында өтеді.