
Қазақстанда өткен Дженнифер Лопес пен Backstreet Boys концерттері ел экономикасына қалай әсер етті? Ұлттық банк ақша-кредит саясаты жөніндегі баяндамасында осы сұраққа нақты жауап берді.
Ұлттық банк мәліметінше, Астана мен Алматы қалаларында өткен шетелдік жұлдыздар концерті қоғамдық тамақтану секторын бір «сілкіндіріп кеткен». Яғни, тамақтану қызметі секторындағы тұтынушылық белсенділік статистикалық тұрғыдан айтарлықтай өскені байқалған, ал бөлшек саудаға әсері шектеулі екенін көрсеткен.
Әлемдік жұлдыздардың концерті өткен қалаларда қоғамдық тамақтану қызметтері көлеміндегі «арақашықтық» 5-11 пайызға дейін өскен. Ең айқын серпіліс Астана қаласында байқалған. Джей Ло мен Backstreet Boys концерті елордадағы сұранысты шамамен 8,4 пайыз көтерген.

Backstreet Boys концертінің әсері тіпті жоғары болған. Оның себебін Ұлттық банк сол күндері өткен Astana Finance Days сияқты басқа да ірі іс-шаралармен байланыстырады.
Зерттеу қоғамдық тамақтану саласының инерциясы жоғары екенін, яғни сұраныс бір реттік серпілістерге тез реакция беретінін көрсеткен. Басқа өңірлер мен өзге кезеңдерге жүргізілген «жалған тесттер» де осы нәтижені растаған.
Ұлттық банктің қорытындысы қарапайым:
– Мәдени шаралар жергілікті тұтынушылық белсенділікті нақты өсіреді;
– Ең қатты әсер ететін сала – қоғамдық тамақтану;
– Бөлшек саудаға әсері әлсіз. Себебі азық-түлікке жатпайтын тауарлар алдын-ала жоспарланып сатып алынады, сондықтан концертке байланысы аз.
Ұлттық банк сарапшылары мұндай серпін баға динамикасына да ықпал етуі мүмкін екенін жоққа шығармайды.
Еске сала кетейік, әлемдік жұлдыз Дженнифер Лопес 1 тамыз күні Астанада концерт өткізді. Ал 10 тамызда Алматыда өнер көрсетті.
Backstreet Boys тобының концерті елордада 21 қыркүйекте, Алматыда 19 қыркүйекте өтті. Әншілердің концерттеріне билеттер Freedom Ticketon платформасы арқылы сатылған.
Астанада өткен Дженнифер Лопестің концертіне шетелден 12 мың адам келді. Алматы қаласы әкімдігінің мәліметінше, концерттен түскен кіріс 10 млрд теңгеден асты, ал бюджетке салық түрінде шамамен 600 млн теңге түседі делінген.
Сондай-ақ Travelstan дискуссия алаңында сарапшылар Дженнифер Лопестің Астана мен Алматыда өткен концертінің қорытындысын талқылаған еді.