
Сауда және интеграция министрлігі әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының (ӘМАТ) тізімін кеңейтуді ұсынды. Бұйрық жобасы «Ашық НҚА» порталында қоғамдық талқыға шығарылды.
Қазіргі тізімде 19 атау бар болса, жаңа жоба бұл санды 33 өнімге дейін ұлғайтуды көздейді. Жаңа тізімге қызанақ, қияр, алма, сиыр және қой етінің бірнеше түрі, балық, ультрапастерленген сүт, қаймақ, қатты ірімшік және қара шай сияқты тауарлар енгізілмек.
Министрлік не дейді
Ведомствоның мәліметінше, тізімді уақытша кеңейту ұсынысының басты мақсаты –
күнделікті тұтынатын негізгі азық-түлікке қолжетімділікті арттыру және олардың бағасын тұрақтандыру.
Министрлік мұндай өзгеріс делдалдық тізбекті қысқартуға, үстеме бағаны негізсіз өсіретін кәсіпкерлерді айналымнан шығаруға, сондай-ақ өндірушілерге қосымша қолдау көрсетіп, олардың өндіріс көлемін арттыруға ынталандыратынын мәлімдеді.
ӘМАТ тізіміне енген тауар өндірушілері:
- сауда желілеріне бонус немесе комиссия төлеуден босатылады;
- жеңілдетілген тарифпен тасымалдау, коммуналдық қызмет бағасы, айналым қаражатын жеңілдетілген несиелеу секілді мемлекеттік қолдау шараларына қол жеткізе алады.
Жаңа тізімге кіретін 33 тауар:
- Бірінші сұрыпты бидай ұны
- Бірінші сұрыпты ұннан жасалған нан
- Рожки (өлшеніп салынатын)
- Қарақұмық (дән, өлшеніп салынатын)
- Күріш (домалақ дәнді, өлшеніп салынатын)
- Картоп
- Сәбіз
- Пияз
- Орамжапырақ
- Қызанақ
- Қияр
- Алма
- Қант
- Күнбағыс майы
- Сүйекті сиыр еті
- Сүйексіз сиыр еті
- Тартылған ет
- Сүйекті қой еті
- Сүйекті жылқы еті
- Жаңа ауланған немесе салқындатылған балық (таран, теңге балық, көксерке, шортан, сазан, ақсақа)
- Мұздатылған балық
- Тауық еті (жамбасы, сирақ, тауық сан еті)
- Тауық
- Пастерленген сүт (2,5%)
- Ультрапастерленген сүт
- Айран (2,5%)
- Қаймақ
- Сүзбе (5-9%)
- Қатты ірімшік
- Сары май (тұзсыз, кемінде 72,5% майлылық, қоспасыз және өсімдік майларынсыз)
- Тауық жұмыртқасы
- Қара шай
- Ас тұзы («Экстра» санатынан басқа)
Айта кетейік, бұған дейін Үкімет халық жиі тұтынатын, әлеуметтік маңызы бар өнімдердің бағасын реттеуден бас тартатынын жазғанбыз. Бұл туралы Үкімет сағатынан кейінгі брифингте Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев айтты.