Жаңалықтар

Қазақстанда микронесиені 21 жасқа толғандарға ғана беру ұсынылды

Микронесие көлемі артып жатыр / Фото: ашық дереккөз

«Елде жастар жаппай қарызға батып жатыр» деп дабыл қаққан сенатор Геннадий Шиповских микронесие беру тәртібін қатайтуды ұсынып отыр.

Сенаттың бүгінгі отырысындағы Геннадий Шиповскихтің депутаттық сауалында жастарға шағын несиелердің оңай қолжетімділігі мәселесі туралы айтылды.

Депутаттың айтуынша, көптеген жас микроқаржы ұйымдарының агрессивті жарнамаларына оңай алданып қалып жатыр. Яғни қарыз алады, содан кейін жоғары пайызбен айыппұлға байланысты қарызға батады. Бұл енді жекелеген отбасылар тап болған қаржы қиындықтары емес, әлеуметтік тұрақтылыққа қауіп төндіретін тенденцияға айналған.

Сенатор салалық агенттік мұндай қарыз алушылар бойынша статистика жүргізбейтінін, бұл мәселенің ауқымын шынайы бағалауға кедергі келтіретінін атап көрсетеді. Дегенмен азаматтардың өтініштері мен әлеуметтік желілерден алынған деректер жастар арасында борыштық жүктеменің өскенін көрсетеді.

«Мұндай жағдайдың орын алуына несиенің тым жеңіл әрі жедел рәсімделуі, микроқаржылық ұйымдардың жастарды нысанға алған агрессивті жарнамасы және қаржылық сауаттылықтың төмендігі әсер етуде. Сонымен қатар микрокредиттік ұйымдарды реттеудегі кемшіліктер де жағдайды ушықтырып жатыр. Жеке деректерді енгізу арқылы бірнеше минут ішінде несие рәсімдеу мүмкіндігі жастарды ойланбастан қаржылық міндеттеме қабылдауға итермелейді. Бұл олардың психологиялық жай-күйіне теріс әсер етіп, күйзеліс пен әлеуметтік оқшаулануға әкелуі мүмкін», – дейді Геннадий Шиповских.

Сенатор жастарға микронесие беру тәртібін қатаңдатуды, оларды 18 жастан бастап тексерусіз ресімдеу тәжірибесін тоқтатуды ұсынады. Ол жас шегін 21 жасқа дейін көтеріп, жас қарыз алушылардың қаржылық жағдайына міндетті баға енгізуді қажет деп санайды.

Айта кетейік, 2025 жылдың 1 қаңтарындағы есеп бойынша, Қазақстандағы микроқаржы ұйымдарының активі 3,0 трлн теңгені құрады. Өткен жылдың төртінші тоқсанында активтер көлемі 2,1%-ға көбейген.