Қазақстан жаңа уран кендерінің 75%-ын өз үлесіне алғалы отыр

Парламент Сенатында жер қойнауын пайдалану туралы заң жобасына енгізілетін өзгерістер мен толықтырулар талқыланып жатыр. Құжатта уран саласына жеке басымдық берілген.
Сенатор Шәкәрім Бұқтұғұтовтың сөзінше, заң жобасы шеңберінде аз зерттелген аумақтар шегінде көмірсутектерді барлау және өндіру бойынша жаңа түрдегі келісімшарттар енгізіледі. Бұл инвесторларға геологиялық зерттеулерді өз қаражаты есебінен дербес жүргізуге мүмкіндік береді.
«Сондай-ақ «аз зерттелген аумақтар» ұғымының өзі және аумақтарды осы санатқа жатқызу тәртібі нақтыланады. Бұл жер қойнауының геологиялық зерттелу деңгейін арттыруға және барланған көмірсутек қорларын игеруге мүмкіндік береді. Бюрократиялық рәсімдерді қысқарту және бизнес үшін қолайлы жағдай жасау мақсатында аз зерттелген аумақтар бойынша аукционды жеделдетілген тәртіппен өткізу көзделеді», – дейді сенатор.
Заң жобасы бойынша, егер жер қойнауын пайдаланушы аз зерттелген учаскеде сейсмикалық жұмысты мерзімінен бұрын орындап, үш жыл ішінде қосымша бұрғылау жүргізгісі келсе, бұрғылауға қойылған тыйым алынып, қосымша барлау жасауға рұқсат берілмек. Сондай-ақ құжатта ұлттық компаниялардың учаскелерді тікелей келіссөздер үшін ұзақ уақыт резервте ұстау мерзімін шектеу көзделген. Бұл адал бәсекелестікті қамтамасыз етіп, жеке инвесторлар мен ұлттық компанияларға тең жағдай қалыптастырады.
Уранға жеке басымдық
Сенатордың сөзінше, заңның жеке блогы уран саласын дамытуға қатысты түзетулерді көздейді. Мемлекеттік қауіпсіздікті қамтамасыз ету және уран ресурстарын тиімді басқару мақсатында уран саласындағы ұлттық компанияға барлау жүргізу жөніндегі лицензияларды алуда басым құқық беріледі. Осы мақсатта жер қойнауының мемлекеттік қорын басқару бағдарламасы нақтыланады, онда уран саласындағы ұлттық компания барлау және өндіру жүргізетін аумақтар айқындалады.
«Сонымен қатар тікелей келіссөздер арқылы жер қойнауын пайдалану құқығын беру кезінде ұлттық компанияның жобадағы үлесі кемінде 75 пайыз болуы тиіс деген талап енгізу ұсынылады (қазір 50 пайыз). Бұл мемлекеттің стратегиялық активтерге бақылауын сақтауға және уран ресурстарын басқаруда ашықтықты қамтамасыз етуге мүмкіндік береді», – дейді ол.
Заң уран өндіру контрактісін мерзімінен бұрын тоқтатуға негіз болатын жағдайларды да айқындайды. Атап айтқанда:
- өндіру мерзімін ұзарту немесе қорларды ұлғайту кезінде уранды конверсиялау және байыту технологияларын жергілікті деңгейде дамыту немесе беру талаптары орындалмаған кезде;
- 2024 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша контрактінің жұмыс бағдарламасында көзделген уран қорлары толық өндірілген кезде;
- жер қойнауын пайдаланушы ұлттық компанияның үлесін 90%-ға дейін арттыруға кедергі келтіріп, оған үлесін беруден бас тартқан жағдайда;
Айта кетейік, «Қазатомөнеркәсіп» ұлттық атом компаниясы 2025 жылдың үшінші тоқсанында уран сатылымын өткен жылмен салыстырғанда 33%-ға ұлғайтып, 3,86 мың тоннаға жеткізгені хабарланған еді.