Алматы шетінде 22 млрд теңгеге салынған парк кімге тиесілі

Жарияланды
Business News бөлімінің тілшісі
Логистикалық парк 50 гектар жерге алып жатыр / фото: elpk.kz, бильд-редактор: Дастан Шанай

Алматының шығысында – Құлжа тасжолы бойында жаңа логистикалық парк ашылды. Жобаға 22 млрд теңге жұмсалды.

Қайда орналасқан

«Шығыс қақпасы» инфрақұрылым аймағындағы логистикалық нысан Үлкен Алматы айналма жолынан (ҮААЖ) 5 км, Алматы әуежайынан 20 км жерде орналасқан. 50 гектар жерге екі қойма корпусы түсті.

Еуразиялық логистикалық парктің (ЕЛП) ашылу салтанатына Алматы әкімі Марат Сұлтанғазиев, сауда және интеграция министрлігінің бірінші вице-министрі Айжан Бижанова, сонымен бірге логистика және девелопмент саласының жетекші компаниялары қатысты.

Марат Сұлтанғазиев еуразиялық логистикалық парк
Марат Сұлтанғазиев, Айжан Бижанова және ЕЛП атқарушы директоры Роман Жужлев / фото: Алматы облысы әкімдігі

Кімге тиесілі

Қымбат жобаны халықаралық және отандық компаниялар бірлесіп жүзеге асырды. Олар: 

  • Aurora Development – қойма мүлкі саласындағы ресейлік девелопер. 2017 жылы құрылған компания Ольга Павловаға тиесілі..
  • Sudakov Group – құрылтайшылардың бірі. Оның жалғыз қожайыны – кәсіпкер Алексей Судаков. 2024 жылы компания 213,2 млн теңге табыс тапқан;
  • RAMS International – бас мердігер, Рамазан Бұлбұл мен Алмат Байымбетовке тиесілі. Кейінгі уақытта компания жанжалға жиі ілігіп жүр.
  • Евразиялық даму банкі 16,6 млрд теңге кредит бөлді.

Еуразиялық логистикалық парктің өзі Sudakov Group, «Республикалық кәсіби әскериленген құтқару қызметтерінің орталық штабы» (қожайындары – Асылжан Мырзаянұлы және Мәриям Садықова), кипрлік Formiona Limited (қожайындары ашық дереккөздерде көрсетілмеген) және жоғарыда есімі аталған Ольга Павловаға тиесілі.

Алматы облысы әкімдігінің мәліметінше, парк 2026 жылы толық қуатпен жұмыс істейді. Сол кезде мұнда 250 адам тұрақты жұмыспен қамтылады.

Сондай-ақ оқыңыз