
Алматы әкімдігі жеке қолға заңсыз өтіп кетті делінетін қымбат жерлердің қожайындарымен соттасып жатыр. Олардың арасында Болат Назарбаев (мұрагерлері), Forbes тізіміндегі кәсіпкерлер, экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевқа жақын шенеуніктер бар. Мәжіліс депутаты Бақытжан Базарбек Facebook-тегі парағына осылай деп жазды.
Қымбат жерлер қайтарылады
Төменгі палата депутатының айтуынша, Алматы қаласы Жер ресурстарын басқару жөніндегі департаменті 30 даулы жер телімі бойынша сотқа арыз түсірді.
«Тексеру жүргізуді мен ұсындым. Істі аяғына дейін жеткізіп, жерлерді мемлекет меншігіне қайтарамын», – деп мәлімдеді Базарбек.
Оның дерегінше, қалған 44 даулы жер қазір облысқа қарайтындықтан, олар бойынша Алматы өңірінің басқармасы тексеру жүргізіп жатыр.
Даулы жердің ықпалды қожайындары кім
Мәжіліс депутаты тау бөктеріндегі қымбат жерлердің артында кім тұрғанын тұспалдап қана келтірді.
«Жерлердің артында қарапайым адам тұрған жоқ. Мысал келтірсек, Болат Назарбаев, Forbes тізіміндегі кәсіпкерлер, сол сияқты бұрыңғы президенттің қарамағындағы ел басқарған шенеуніктерге тиесілі жерлер бар», – деп жазды Базарбек.
Депутат жер қожайындарының қызметі мен мансабы маңызды еместігін, заңның алдында бәрі тең екендігін атап өтті.
2025 жылғы қарашаның аяғында Болат Назарбаевқа тиесілі «Барыс» автобазарының 11 гектары мемлекетке қайтарылғаны мәлім болған. Бұл уақытта облыс әкімдігі Шамалған ауылында Назарбаевтан қайтқан 3 мың гектар жерге инвестор іздестіріп жатыр.
Қазақстанның тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың туған бауыры Болат Назарбаев 2023 жылғы қарашада дүние салды. Марқұмның ұлы Нұрбол Назарбаев басты мұрагер атанып, мүліктің көбісі соның қолына өтті.