Каспий жағалауында 500-ге жуық итбалық өлексесі табылды

Каспий теңізінің Ресейдегі Дағыстан жағалауында 500-ге жуық итбалық өлексесі табылды. Қызыл кітапқа енген жануардың жаппай қырылып жатқанын жергілікті тұрғындар хабарлады, деп жазды «Коммерсантъ».
Басылым мәліметінше, Дағыстан табиғат министрлігінің мамандары Махачкала, Қарабұтақкент, Каякент және Дербент аудандарындағы жағалауларды шолып шықты. Олар 484 өлексе тапты. Итбалық қырылып жатқанын жергілікті тұрғындар 1 желтоқсанда байқаған.
Министрлік мәліметті тиісті органдарға жолдады. Мекемелер зерттеу жүргізіп, теңіз жануарының не себепті қырылғанын анықтауы тиіс.
Басылым мәліметінше, кейінгі жылдары ғалымдар вирусология сараптамасын жүргізген. Олар жұқпалы дерт анықтай алмаған.
«Итбалықтардың жаппай қырылуының басты себебі — сейсмикалық белсенділік кезінде теңіз қайраңынан көтерілген күкіртқышқыл мен метан газынан улану (асфикция)», – деп жазды «Ъ».
Дағыстан ғалымдары 2024 жылғы желтоқсанда 400 итбалық өлексесін тапқан. Сол кезде олар мұның себебін құс тұмауы мен Каспий теңізінің тартылуымен түсіндірген. Ал 2022 жылы өңірде 2500 өлексе көмілген.
Естеріңізге сала кетейік, 2025 жылғы қарашаның басында Каспий теңізінің Қазақстандағы жағалауларында 112 итбалық өлексесі табылған.
Кәрі теңізде 70-300 мың итбалық мекендейтіні айтылады, бірақ оның нақты санын әзірге ешкім білмейді.